
ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ
Өткен жұмада Жамбыл облысы, Шу ауданында болған Кәсіподақ төрағасының орынбасары Ерұлан Мағзымбеков пен бас құқықтық инспектор Берік Баймағамбетов аудандық комитеттің жұмысымен танысып, аудан ұстаздары үшін қоғамдық қабылдау өткізді. Аудандық комитеттің жұмыс кабинетінде өткен қабылдауға келген ұстаздардың қарасы көп болды.
Кәсіподақ ұйымының құқықтық сұрақтар бойынша қабылдауы өтеді дегенді естігеннен сауалдарын әзірлеп жүрген сала өкілдері кәсіподақ мамандарын сұрақтың астында қалдырды. Бірінің жалақысы дұрыс есептелмеген болса, бірінің денсаулығын түзеуге кәсіподақ ұйымынан жеңілдетілген жолдама алғысы бар, енді бірінің сағаттары қысқарған, келесі ұстазды аттестациядан өтуге құқығы бар не жоқтығы мазалайды, ал кейбірі жай ғана кәсіподаққа алғыс айтуға келген. Зейнеткерлікке шығып бара жатқан әріптесіміз еңбек жолында қоғамдық ұйымның қамқорлығын талай көргенін, бірнеше рет ұйым тарапынан марапатталғанын айтып, алғысын жаудырып кетті.
Қоғамдық қабылдаудың нәтижесі бойынша кәсіподақ мамандары аудандық білім бөлімінің басшысы Клара Қожағаппановамен жолығып, бірнеше мәселе бойынша пікір алмасты. Әлеуметтік әріптестік шеңберінде бірқатар мәселе шешімін тапса, кейбір түйткілдер әлі де өз шешімін күтуде.
Қоғамдық қабылдаудың қорытындысы туралы Кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағанбетов төмендегіше сыр бөлісті.
- Бүгінде көптеген мәселелер мекемеге жаңа басшының тағайындалуымен туындайды. Мәселен, 3 ұстаздың оқу жүктемесіне бұрынғы басшы 4-5 адамды қабылдап қойған. Бала күтімінде отырғаны бар. Қоса атқару шартымен еңбектеніп жүрген азаматтар бар. Барлығының уәждері түсінікті. Осындайда жаңадан келген директор арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей алып шығуы керек. Ал бұл оңай шаруа емес. Осыдан келіп еңбек дауы туады. Тағы бір мәселе, Назарбаев зияткерлік мектептерінде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, қоса атқару шарты бойынша бірнеше мекемеде жұмыс жасап жүрген ұстаздарға қосымша ақы тек негізгі жұмыс орны бойынша ғана төленуде. Ал бұл заңға қайшы. Осындай мәселелерді шешу күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін шаралар, - дейді кәсіподақ заңгері Берік Әбенұлы.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-