
ҚҰҚЫҚТЫҚ ТАҚЫРЫПТАҒЫ АУДАНДЫҚ СЕМИНАР
Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ орта мектебінде аудандық кәсіподақ төрайымы Гүлнұр Қадырбекқызының басшылығымен «Ұжымдық шарт – еңбек қатынастарының басты құралы» тақырыбында құқықтық семинар өтті. Семинар-кеңеске аудандық білім мекемелерінің басшылары, балабақша меңгерушілері және бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері, барлығы 120 адам қатысты.
Кәсіподақ төрайымының айтуынша шараның мақсаты – ауданда қабылданған Ұжымдық шарттың орындалу барысынан ақпарат беру, аудандағы әлеуметтік әріптестік жұмысын зерделеу, сала еңбеккерлері-кәсіподақ мүшелерінің неғұрлым жиі бұзылатын құқықтық мүдделерін анықтау, ұжымдық шартты біркелкі қолдануды қалыптастыру.
Семинар барысында кәсіподақтың аймақтық құқықтық еңбек инспекторы Гүлжан Орымбаева «Мекемедегі ішкі еңбек тәртіп ережесі» тақырыбында дәріс оқыды. Өз сөзінде заңгер білім мекемелеріндегі ішкі еңбек тәртіп ережесі қалай жасалатындығына, қандай бөлімдер болуы қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, еңбек шартын жасау және бұзу, қызметкер мен жұмыс берушінің міндеттері, жұмыс уақыты мен оның пайдаланылуы, жұмыстағы табыстары үшін көтермелеу, еңбек тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік сынды қағидаттар осы құжатпен айқындалатынын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Семинардың күн тәртібіне сәйкес №1 Г.Орджоникидзе мектеп-гимназиясының психологы Мира Ускенбаева «Келісімге келу - кеңдік» психологиялық тренингін өткізді. Ал Филиал төрайымы Гүлнұр Қадырбек әлеуметтік әріптестік актілерінің орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу жағдайы туралы мазмұнды түсіндіру жұмысын жасады. Төрайым оқу сабақтарының кестесі, жұмыс кестелері, демалыс кестелері, педагогикалық қызметкерлердің оқу жүктемесі, педагог қызметкерлерді аттестациядан өткізу актілері кәсіподақ комитетімен келісе отырып қабылданатындығын, бұл туралы Ұжымдық шарттың 1.11 тармақшасында жазылғандығын айтып өтті.
Семинар соңында мекеме басшылары мен кәсіподақ төрағалары тарапынан сұрақтар қойылып, заңға сәйкес нақты жауаптар алынды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-