
ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ӘРЕКЕТ ЕТУДЕ
Жуырда Жамбыл облысы Т.Рысқұлов аудандық комитетінің ұйымдастыруымен «Кәсіподақ ұйымдарында әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру және ұжымшарттық қатынастарды жетілдіру» тақырыбы бойынша облыстық семинар өтті. Семинарға кәсіподақ басшылығы, аудандық комитеттердің жетекшілері, аудандық білім бөлімінің өкілдері мен сала активі қатысты.
Алғашқы болып сөз алған аудандық кәсіподақ төрайымы Зәуреш Тойбекова мен аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Утеулиеваның жалынды сөздерінен кейін аудандағы кәсіподақ қозғалысының тыныс-тіршілігінен хабар беретін «Әлеуметтік әріптестік – кәсіподақ ұйымдарының қозғаушы күші» бейнефильмнің көрсетілімі жұрт назарына ұсынылды. «Визиттік карта» атты келесі бөлімде алдын ала жасақталған үш топ өздерін таныстырып, бәсекеге түсуге дайын екендіктерін көрсетті. Алғашқы топты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары құраса, екінші топқа мүше болып аудандағы білім мекемелерінің басшылары топтасыпты, ал үшінші топты кәсіподақ үйірмесінің модераторлары құраған. Брейн-ринг атты интеллектуалды шоуда еңбек заңдылығына арналған сұрақтарға әр топ алғашқы болып жауап беруге тырысты. Ал «Құқықтық сауаттылық – заман талабы» атты постерлер байқауында әр топ әлеуметтік әріптестіктің әдемі көрінісін бейнелеп шықты. Сосын «Еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтың рөлі» атты ситуациялық жағдаяттарды шешу барысында топтардың белсенділігін байқау қиындық туғызбады. Соңында балабақша қызметкерлерінің қатысуымен сахналық қойылым тамашаланды. Онда аудандағы әлеуметтік әріптестіктің әдемі үлгісі паш етілді.
Семинарды қорытындылаған Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева жиынның ұйымдастырылуы қандай жоғарғы деңгейде болса, аудандағы әлеуметтік әріптестік, ұжымшарттық жұмыс та осы деңгейде екендігіне сенім білдіріп, аудандық комитетті арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-