
АЙМАҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ
Кеше Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының базасында Кәсіподақтың Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстық ұйымдарының аймақаралық семинар-кеңесі өтті. Жиынға екі облыстың кәсіподақ активі қатысты. Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – Жамбыл облысының құқықтық қызметі мен жарғылық міндетті жүзеге асырудағы озық жұмыс тәжірибесін насихаттау, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмысында өзара тәжірибе бөлісу, сала қызметкерлерінің құқықтарын соттарда қорғау бойынша тәжірибе алмасу.
Кіріспе сөзінде Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева қонақтарды Кәсіподақ үйімен таныстырып, Жамбыл облыстық ұйымының жұмыс бағыттарымен, құқықтық қызметтің маңыздылығымен, сонымен қатар еңбек адамының құқықтарын қорғау жөніндегі заңгерлердің мазмұнды жұмысымен таныстырып, қош келдіңіздер айтты.
Негізгі баяндаманы Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов жасады. Ол құқықтық инспекцияның негізгі жұмыс бағыттары мен оларды ұйымдастыру шараларына жеке-жеке тоқталып өтті. Қонақтардың қызығушылығын тудырған да осы мәселе болатын. Құқықтық қызметтің басшысы Берік Әбенұлы инспекцияның жұмыс істеу принциптері, инспекторлардың міндеттері, олардың тексеру жұмыстарын жүргізудің құқықтық аспектілері сынды мәселелерге тоқталып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын соттарда қорғау тәжірибесімен бөлісті.
Семинардың екінші бөлімінде облыстық ұйымның кадр және кадрлық іс-құжаттарды рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесі, филиал мәртебесіндегі бөлімшелердің жұмыс бағыттары, алқалы басқару органдары мен өкілетті органдардың қызметі мен ұйымдастыру жұмыстарының негізгі бағыттары бойынша презентациялар жасалды. Сондай-ақ, Кәсіподақ құрылтайшылығындағы «Тараз-Профсоюз-Турист» және «Қорғау-Тараз-2005» ЖШС-нің жұмыстарының таныстырылымы өтті. Жиын соңы өзара пікір алмасуға, сұрақ-жауап сағатына ұласты.
Жиын соңында Кәсіподақтың Оңтүстік Қазақстан облыстық ұйымының төрайымы Замира Маханова жамбылдық әріптестеріне алғыс айтып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, алтын уақыттарын бөлгені үшін ризашылық білдірді. Екі тарап та алдағы уақытта осындай мазмұнды кездесулерді жиі өткізіп тұруға сөз байласты.
Перзат БАҚЫТ
-
Фотографии
-