Рухани даму бағытымыз айқындалды
Жақында Жаңаөзен қаласының әкімдігінде, қала активтерінің арасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жан - жақты талқылап, осы мақалада айтылған өзекті мәселелер жөнінде ортаға салды. Бұл бағдарлама ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымыздың рухани келешегінің дамуына ықпалы зор.
Алқалы жиында сөз алған, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Жаңаөзен қалалық филиалының төрайымы Мухашева Райыс Сарсенқызы өз пікірімен бөлісті.
Бүгін Елбасының еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, қайта түлеудің айырықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алғандығымыз, алдағы мақсаттар мен міндеттер хақындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көрді. «XXI ғасырдағы ұлттық сана» және «Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталатын екі ауқымды бөлімнен тұратын мақалада мемлекет басшысы жаһандану кезеңіндегі ең өзекті мәселелер қозғалып, әрбір қазақстандықтың ойын оқып, тілегін тыңдағандай сөз жүйелеген. Сондай-ақ, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы саналатын салт-дәстүрімізді дәріптеп қана қоймай, заман ағымына ілестіру бағытында қарқынды қызмет атқару көзделген.
Мақалада отандастырымыздың өзара ғана емес, тұтас халық ретінде бәсекелік қабілетін арттыру арқылы ғана ұлтымыздың аймақтық не жаһандық нарықта ұтымды дүниелер ұсына алатындығы нақтыланған. «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сынды бағдарламаларды игеру арқылы әрбір қазақстандықтың XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы көзделген. Яғни, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторларды назардан тыс қалдырмай, дамыған мемлекеттердің қатарына ену жолында әрбір азамат өзіне артылған жауапкершілікті сезіне білуі тиіс деп түсіндік.
2012 жылы мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп мәлімдеген болатын. Бұл, 2025 жылға қарай еліміздегі барлық мерзімді баспасөзді, оқулықтарды – бәрін де латын әліпбиімен басып шығарып бастауымыз қажет деген сөз. Елбасының уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы уақыттан бастап қолға алып, осынау ауқымды жұмыстың бастап кетуге дайындық жұмыстарына қазірден кірісу қажеттегін сөз етіп отыр. Латын әліпбиіне көшу арқылы қазіргі заманғы технологиялық ортаның, XXI ғасырдағы ғылым мен білім саласының ерекшеліктеріне тез ілесе аламыз деген ой болса керек. Мектепте балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әліпбиімен таныс болып үлгерді. Оларға кириллицадан латын әліпбиіне көшу ешқандай қиындық туғызбаса керек.
Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдап, алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Тіпті, жаңа әліпбиге бейімделі кезеңінде белгілі бір уақыт аралығында кириллица алфавиті де қолданыла тұрады, яғни латын әліпбиіне көшірілу процесі сатылы түрде жүзеге асады деген сөз.
Прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, сананың ашықтығы, қазақстанның революциялық емес, эколюциялық дамуы тақырыптарын қозғаған мемлекет басшысының басты назар аударған мәселелерінің бірі – білімнің салтанат құруы.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері ширек ғасырдан астам уақытта қыруар жұмыстар жасалды. Елбасы он мыңдаған жасты әлемнің маңдай алды университеттерінде оқытып, дайындауға мұрындық болды. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты.
Қаламызға келер болсақ, 2016-2017 оқу жылында Жаңаөзендік оқушылар үшін жаратылыстану бағытын тереңдетіп оқытатын «Дарын мектебі» ашылды. Жаңа оқу жылына тамыз айында қала мектептері оқушыларының арасында өткен іріктеуден сүрінбей өткен 150 бала қабылданды. Сондай-ақ, жақында ғана Ақтау қаласында өткенреспубликалық пәндер олимпиадасында Маңғыстау облысы оқушыларынан құрылған команда Бас жүлдеге ие болып, солардың қатарында жаңаөзендік оқушылардың бой көрсеткені мәлім.Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді.
Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді деп, Р.С.Мухашева барлық жиынға қатысушы қала активтерін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты басты мақаласына оң көзқарас танытып, ондағы міндеттерді орындауға, жұмыла атсалысуға шақырды.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Жаңаөзен қалалық филиалының төрайымыМухашева Райыс Сарсенқызы