
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы білім қызметкерлері арасында «Мәңгілік қалармын ғашық болып...» атты байқауы өтті
14 сәуір 2017 жылы Қармақшы аудандық мәдениет үйінде білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жастар қанатының ұйымдастыруымен білім қызметкерлері жұптары арасында «Қозы көрпеш – Баян сұлу» махаббат күніне орай «Мәңгілік қалармын ғашық болып...» атты аудандық байқау өткізілді.
Байқаудың негізгі мақсаты жастар арасында 15 сәуір – «Қозы көрпеш – Баян сұлу» махаббат күнін тойлауды білім қызметкерлері жастар арасында дәстүрге айналдыру және отбасылық құндылықтарды жаңғырту, адамгершілікті, руханиялықты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыру.
Байқау талабына сай қатысушылар 35 жасқа дейінгі ұстаздар жұптарынан тұрды.
Байқау кезеңдері:
- Ғашықтар жұбын таныстыру (жұптар бейнеролик көрсетіп, өлең жолдары арқылы өздерін таныстырды);
- Ғашықтар өнері (жұптар ән айтып, би билеп, басқа да өнерлерін көрсетті);
- Ғашықтың тілі – тілсіз тіл (жұптар бір-біріне деген сезімдерін қазақ ақын-жазушылар шығармаларынан үзінді келтіре отырып көрсетті);
- Ситуациялық сұрақтар (өздерінің ұстаздық қызметтерінде, отбасында, қоғамдық ортада кездесетін ситуациялар);
- Ғашықтар қашанда сұлу (жұптар заман талабына сай кешкілік киімнің сән үлгісін көрсетті);
- «Билеу деген бір бақыт» (жұптар бір мезетте қазақтың ұлттық биі қара жорғаны биледі).
Байқау барысында бір-бірінен асып түскен ұстаздар жұптарының ішінен жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталып, әділ-қазылар өз бағасын берді. Дегенмен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып суырылып шыққан «Көрермендер көзайымы» номинациясына № 272 орта мектептің ұстаздар жұбы Еңсепов Рустем - Баекеева Гүлжан, «Өнерлі жұп» номинациясына № 106 орта мектептің ұстаздар жұбы Тетеев Қанат - Есетова Алтынкүл, «Жарасымды жұп» номинациясына № 279 орта мектептің ұстаздар жұбы Байғалиев Әділет - Ақжігіт Айсауле иеленіп, номинация иегерлері аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің арнайы дипломдары және бағалы сыйлықпен марапатталды.
ІІІ орынға Төретам кентіндегі№ 80 мектеп-гимназияның ұстаздар жұбы Татаев Асылбек - Самартаева Камшат, Көмекбаев ауылы № 185 орта мектептің ұстаздар жұбы Кайыркулов Алмат - Рысбаева Қарлығаш иеленіп, аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің арнайы дипломы мен бағалы сыйлық берілді.
ІІ орынға Қармақшы ауылы№ 113 орта мектептің ұстаздар жұбы Нұрмағанбетов Жандос - Құлмаханова Ақкүміс иеленіп, аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің арнайы дипломы мен бағалы сыйлық тапсырылды.
Байқаудың қорытындысымен І жүлделі орынды Байқоңыр қаласы № 274 орта мектептің ұстаздар жұбы Корганбаев Бауржан - Абуова Молдир жеңімпаз атанып, аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің арнайы дипломы мен бағалы сыйлық иеленді.
Сайысқа қатысқан ұстаздар жұптарының өнеріне, мәдениетіне көрермендер тәнті болды. Сонымен қатар осы сайысты жүргізген «Жастар қанатының» мүшелері Оңдашов Нұржан мен Төлебаева Гаухар тақырыпқа байланысты көрермендер арасында тренинг жүргізіп, белсенді көрермендерге сыйлықтар табыс етті. Бұл өткен шара көрермендер көңілінен шығып, жылма-жыл дәстүрге айналатынына сеніміміз мол.
Қармақшы аудандық білім қызметкерлерікәсіподақ комитетінің маманы Г.Серікбаева
-
Фотографии
-