ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Өзі өмірден өткенмен артында өшпестей із қалдырған азаматтарымыз аз болмаған. Әсіресе, шәкірт тәрбиелеумен қатар басшылық қызметтерде өңірдің дамуы үшін қажырлы еңбек еткен, қызметі барысында тек абырой биігінен көріне білген, ел есінде жақсы қасиеттерімен танылған азаматтарды ел есінен шығармайды. Қасиетті Отырар топырағының рухы биік тұлғаларының бірі Жақсыбек Бейсенбекұлы Асылбек те осындай жандардың қатарынан еді. Қаншама ұлы тұлғалар мәңгілік мекен еткен жерде дүниеге келген Жақсыбек Бейсенбекұлы осы өңірдің дамуы үшін бар күш-қайратын жұмсап әрекет етті. Қызметін мектепте іс жүргізушіліктен бастап, аға пионер жетекшісі, кеңшар комсомол комитетінің хатшысы, ауылдық кеңес атқару комитетінің хатшысы, төраға, мектеп директоры, аудандық, облыстық мәслихаттардың депутаты, ауыл әкімі, аудан әкімінің орынбасары бола жүріп ел игілігі үшін абыройлы еңбек етті. Сонымен қатар, түркістандық ұстаздарға басшылық жасап, өмірінің соңына дейін қалалық білім бөлімін басқарды. Ұлағатты ұстаз түркістандықтардың есінде қарапайымдылығымен, іскерлік қабілетімен, жоғары адамгершілік қабілеттерімен қалды. Отырар ауданы мен Түркістан қаласының ғана емес, Оңтүстік өңірі зиялыларының, құрметті азаматтарының қатарынан орын алды.
Осындай абзал жанды еске алу мақсатында Түркістан қалалық білім бөлімі мектеп және мектеп-интернаттар қызметкерлері арасында спартакиада ұйымдастырды. Спорттың жеті түрінен яғни волейбол, баскетбол, арқан тарту, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және мылтық атудан ұйымдастырылған спартакиада төрт күн бойы жалғасып, үздік шыққандары марапатталды. Спорттық жарыстың жабылуына қатысқан қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Ақсақалұлы Шойбеков, ұлағатты ұстаздың ұлы Сағымбек Жақсыбекұлы Асылбек, қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Міндетбаевтар Жақсыбек Бейсенбекұлы туралы естеліктерін айтып, бар ғұмырын ел игілігі үшін қызмет етуге арнаған жанды еске алу шаралары мұнымен шектелмейтінін жеткізді. Жыл сайын осындай шараларды ұйымдастыра отырып ұлағатты ұстаз, білікті басшының өмір және еңбек жолдарын жас буын арасында дәріптеуге қол жеткізе аламыз деп отыр ұйымдастырушылар. Өз кезегінде Сағымбек Жақсыбекұлы осындай шараны ұйымдастырып отырған қалалық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетіне ризашылығын білдірді.
Шара барысында аталған тұлғалар жүлдегерлер мен жеңімпаздарға қалалық білім бөлімі мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің мақтау қағаздары мен заттай сыйлықтарын табыс етті. Спортты жанына серік еткен сала қызметкерлерінің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, аға буын ұстаздардың өнегелі еңбек жолдарын ұстануға шақырды.
-
Фотографии
-