Қарқынды жұмыстар
ҚР Еңбек Кодексі ережелерін және ұжымдық шарттарға қосымшаларды түсіндіру барысында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тәрбия Анайбекқызы БаймбетоваАқтау қаласының №33, 57 балабақшаларымен «Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы», Қарақия ауданының Жетібай кентінде №4, 7 орта мектептер мен «Балауса», «Айгөлек» бөбек жайлары мен «Облыстық санаторлық мектеп-интернаты» мекемелерінде болып, қызметкерлерге жаңа заң аясында түсіндірме жүргізді.
Білім беру мекемелерінің директорлары, орынбасарлары, мұғалімдер, қызметкерлер қатысқан семинар-кеңес мекемелердің акт залында өткізілді.Семинарда қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және еңбек қатынастарын рәсімдеу, жұмысқа қабылданған кездегі сынақ мерзімінің талаптары, еңбек жағдайының негізі, тәртібі мен өзгерістер енгізу, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын тоқтатудың негіздері, еңбек қатынастары бойынша басқа да мәселелер жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, Тәрбия Анайбекқызы жаңа Еңбек Кодексіндегі білім беру ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес жайында, өндірістік кеңестің құрамындағы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор жөнінде түсініктеме беріп өтті.
Кездесу барысында қызметкерлер тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, кәсіподақ мамандарымен жауаптар берілді. Сұрақтардың басым бөлігі еңбек дауларына, еңбек демалысына шығу мерзімі мен тәртіптері, еңбек барысындағы қосымша жүктемеге ақы төлеу ерекшеліктері мен тәртіптері жөнінде болды.