Жарты ғасырлық тағдыры бар білім ордасы
Мұнайлы ауданындағы №1 орта мектептің 50 жылдық мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мерекелік шараға аудандық жергілікті билік басшылары, облыстық білім басқармасының басшысы және аталған мектепте еңбек еткен ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері қатысты. Мерекелік кеш шымылдығын мектеп ұстаздарынан құралған хордың орындауында «Атамекен» әнімен ашылды. Мектеп оқушысы Қайнар Рамазан «Жаса, Қазақстан!» әнімен кеш қонақтарының көңілін көтерсе, оқушылардан құралған оркестр «Ыңғайтөк» күйін орындады.
Алғашқы құттықтау сөз кезегі «Нұр Отан» партиясының Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қалиолла Сахипов, аудан әкімінің орынбасары Берік Біләлов және облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Жұмағалиқызы Тастеміроваға берілді.
Аудандық мәслихат хатшысы Бердібек Назар әріптестерін мерекемен құттықтап, естеліктерімен бөлісе келе, қарашаңырақты тастамай үкіметтің қиын кезінде де жұмыстан кетпей жүрген ұстаздарға құрмет көрсету керектігін, осы мектептен көптеген басшылар түлеп ұшқанын, оқушыға деген зор ілтипаттың арқасында тестілеу кезінде алдыңғы қатардан көрініп келе жатқанын мақтанышпен айтып, алтын белгілерінің көбейе беруіне тілек білдірді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова: «Баршаңызды мектебіміздің 50 жылдығымен құттықтаймын. Бұл мектеп мен үшін өте ыстық. 1996 жылы осы мектепке келгенімде 28 жаста екенмін. Сол кездегі көп тәлім-тәрбие көрсеткен апайларым отыр. 2 жылдан кейін мені тәрбие жөніндегі орынбасар ретінде ұсыныс беріп, тағайындады. Осы мектеппен 50 жылдың 20 жылында тығыз байланыста болдым десем артық айтқаным емес. Алғаш шет тілден сабақ сұрап келгенде мектепке қабылдаған Ақлепес апай еді. Кіп-кішкентай мектепте 3052 бала оқыды.
Баланың көптігінен мұғалімдер бөлмесіне дейін босатып, кабинет етіп бергеніміз есімде. Қиын да қызықты жұмыстар болды. Қаланың 20-дан астам мектебімен тайталасып, жарыстарға қатыстық, жетістіктерге жеттік. Біраз жерден жүлделі орындар алдық. Сіздердің берген тәлім-тәрбиелеріңіздің арқасында мектеп түлектері жоғары деңгейлерден көрініп, беделді қызметтер атқарып жатқандықтары қуантады,-дей келе білім басқармасының атынан мектепке Алғыс хаты мен сыйлығын табыстады.
Келесі құттықтай сөздің иесі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасы Қалиолла Сахипов мектептің жарты ғасырлық мерейтойымен құттықтап, мектеп ұжымына жауапкершілігі мол жұмыстарына сәттілік тілеп, аудан әкімі Нұрлан Төлегенұлының мектептің мерейтойына арналған құттықтауы жазылған Алғыс хатын табыстады.
Аудан әкімінің орынбасары Берік Біләлов, аудандық мәслихатхатшысы Бердібек Назар-шараға қатысушы барша ардагерлер мен ұстаздарды мерекемен құттықтап, ел үшін атқарып жатқан еңбектеріне ризашылық білдіріп, жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.Осы орайда мектеп тарихында өзіндік із қалдырған ардагер ұстаздар «Маңғыстау ауылының 50 жылдық» төсбелгісімен марапатталды.
Мектеп мұғалімдері 50 жылдық тарихы бар мектептің өткені мен бүгінгі күні және келешегі туралы шолу жасап шықты. Сөз кезегі «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тәрбия Анайбекқызы Баймбетоваға, аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Ақмоншақ Кашиеваға және аудандық білім бөлімінің басшысы Есен Овезовке сөз тізгіні берілді.
Тәрбия Анайбекқызы мектеп ұжымының атына жазылған құттықтау Алғыс хаты мен Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Тұңғыш» кітабын сыйға тартты. Сондай-ақ мектеп директоры Сәния Сәркенованы және мектеп мұғалімдері Ырысты Құлбарақова мен Ләйлә Ашимованы облыстық кәсіподақ ұйымының құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар, білім жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Есен Овезовке де құрмет қағазын табыстап, 100 мың теңгелік шипажайға демалуға сертификат сыйлады.
Бірнеше жыл бұрын осы мектепте 20 жылдай уақыт бастауыш сыныбында ұстаздық еткен Ақмоншақ Кашиева да әріптестерін мерекемен құттықтап, аудандық кәсіподақ ұйымының атынан мектептің 50 жылдығына 50 мың теңге қаржылай сыйлығын тапсырды.
Өз кезегінде Есен Орынбасарұлы №1 мектепте жұмыс жасаған кездеріндегі қызықты естелктерімен бөлісе келе мектеп ұжымын мектептің жарты ғасырлық мерекесімен құттықтап, құттықтау қағазын тарту етті. Мектепте еңбек етіп жетістікке жетіп жүрген физика пәні мұғалімі Түзелхан Джумаева мен биология пәні мұғалімі Бағила Мусаеваға білім бөлімінің атынан Алғыс хат пен марапаттады.
Сөз кезегін алған мектеп директоры Сәния Сәркенова Жыңғылбайқызы, «Елу жылда- ел жаңа» демекші, осы жылдар ішінде мектебімізде біраз оңды өзгерістерге толы болды. 1966 жылы 7 жылдық мектеп болып ашылып, мектептің алғашқы директоры Ерғали Хамитов тағайындалды. Мектептің 50 жылдық тарихында 17 директор ауысты. Мен 17-ші директорымын. Бүгінде мектебімізде екі ауысыммен1156 бала оқиды. 131 мұғалім жұмыс жасайды. Мектебіміз облыс бойынша 10 үздік мектеп қатарында болса, аудан бойынша 3 үздіктер қатарына еніп отырмыз.
Қуантарлығы – оқушыларымыз спорт жағынан да, білім жағынан да жүлделі орындарға ие болып жүр. Мектепте облыс, республика көлемінде биік белестерді бағындырып жүрген талантты ұстаздарымыз да көп. Мектептің ұлы мерекесімен барша ұжымды, ардагер ұстаздарымыз бен шәкірттерімізді құттықтаймын.
Естелікке толы әсем кеште мектепте өткен шаралардың бейнебаяндары толассыз көрсетіліп тұрды. 50 жылдық тарихы бар мектепте өмірден бақилық болған ұстаздарды жас ұрпаққа жаңғыртып айта кетуді парызы санаған мектеп ұжымы арнайы дайындалған бейне баянндарын жіберіп, әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Осылайша шараға қатысып, сөз алған әрбір ұстаз өзінің еңбек еткен кезінен естеліктерімен бөлісіп, мерекелік құттықтауларын арнады. Кешке келген мектеп түлектері де бір-бір құшақ гүлдерімен келсе, қонақтар сыйлықтарын ыстық ықыласпен табыстады.
Мерекелік кеш «Айжарық» мейрамханасында жайылған ақ дастарханда жалғасын тапты.
«Қазақстан салалық білім жәнеғылым қызметкерлері кәсіптік одағыныңМаңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ-нің маманыАманиязова Асылтас Базарбаевна
-
Фотографии
-