БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ ПЛЕНУМ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы Жарғыға сәйкес ағымдағы жылдың 27 желтоқсан айында кезекті Пленум отырысын өткізді. Пленум жұмысына шақырумен 29 пленум мүшелері және облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, сонымен қатар баспасөз және телеарна өкілдері қатысты.
Осы орайда өткенді саралап, алдағы қызмет бағытын айқындау мақсатында кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев «Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдарында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 2014 – 2019 жылдарға арналған негізгі бағыттарында» айқындалған міндеттерді жүзеге асыру» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында кәсіподақтың құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, құқықтық қызметтің жұмысын нығайту және жетілдіру жұмыстарын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқтала отырып, облыстық білім беру басқармасымен 2016 – 2018 жылдарға жасалған аумақтық келісімнің ықпалды құқықтық акт болып табылатынына және қызметкерлердің әлеуметтік – маңызды проблемаларын шешуге бағытталған мәселелердің ауқымды аясын қозғайтынын, онда құқықтық тәртіпте облыс көлемінде әрбір жеке ұйымға дейінгі барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікті дамытуға негіз қаланғаны туралы айтып өтті.
Сонымен қатар, төртінші тоқсанда өткізілген облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Атқару комитетінің мәжілісінде қаралған 2016–2018 жылдарға арналған аумақтық келісім негізінде тараптар келісімге келген 7-ші бөлімнің кепілдер мен өтемақылар туралы 7.1. пункті бойынша жергілікті өкілетті билік органдарының ауылдық жерде тұратын білім беру ұйымдарының педагог және медицина қызметкерлеріне, отынға және коммуналдық қызмет шығындарының өтемақыларын міндетті және біріңғай мөлшерде тағайындалуына қол жеткізу мәселесі қазіргі таңда толық шешімін таппай отырғанына тоқталды.
Күн тәртібіне қойылған «Ауылдық жерде тұратын және жұмыс жасайтын педагог қызметкерлер жергілікті бюджет қаражаты есебінен отын алуға шығыстарды өтеуге және коммуналдық қызметке өтемақымен қамтамасыз ету туралы», «Білім қызметкерлерін міндетті мерзімді медициналық тексеруді қаржыландыру мәселесі туралы» облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева баяндама жасап, бұл мәселелердің бюджеттен бөлінетін қаржы есебінен қарастырылып, жүйелі жолға қойылуын талап етуді ұсынды.
Кәсіподақ саласындағы ең маңызды мәселелері – кәсіподақтың мүшелік базасын нығайту және кәсіподақ белсенділерін оқыту мен кадр резервін дайындау, ақпараттық насихаттау жұмысы, баспасөзге жазылу мәселелері туралы облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Марина Темиргалиева баяндама жасады.
Пленум отырысында Бөрлі және Зеленов аудандық кәсіподақ ұйымдарының жұмыс барысы жөнінде есеп берілді. Отырыс барысында талқылау үшін жарыссөзге жазылған пленум мүшелері көтерілген мәселелерді тарқата отырып, өз пікірлерін білдірдірді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева жарыссөзде көтерілген мәселелер алдағы уақытта өз шешімдерін табатынына және жергілікті әкімдер мен білім бөлімдерінің жетекшілерінің қатысуымен үш жақты отырыс ұйымдастырып, өзекті мәселелердің оң шешімі табылатынына сенім білдірді.
Пленум соңында жыл қорытындысы бойынша белсенді кәсіподақ мүшелері Гүлбану Киндербаева(Теректі аудандық кәсіподақ ұйымы), Саида Мурзагалиева (Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымы)«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, заттай сыйлықтар табыс етілді.
Тәуелсіздік айында туылған мерейтой иелері Сәуле Жандалиева (Бөрлі аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы – 16 желтоқсан 60 жас), Аққу Нургалиеваға(Жәнібек аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы – 22 желтоқсан 50 жас) адресат және сыйлықтар мен гүл шоқтары берілді.
-
Фотографии
-