
ДОСТЫҚ ҚАТЫНАС БЕКИ ТҮСТІ
Кәсіподақтардың мақсаты қашанда халыққа түсінікті, ол – өз мүшелерінің құқығы мен мүдделерін қорғау, лайықты жалақы мен демалыс, тиімді еңбек жағдайлары мен әлеуметтік әділеттілік үшін күрес. Бірақ, әрбір кәсіподақ ұйымы жарғылық міндеттерін әр түрлі жолдармен шешеді. Осы мақсатта «Меркі» шипажайында ем-дом қабылдап жатқан Шығыс Қазақстан облысының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ белсенділерімен тәжірибе алмасу мақсатында әріптестік кездесу өтті.
Кездесуді құттықтау сөзбен ашқан екі облыстың кәсіподақ жетекшілері Орынбаева Гүлсін Рахымжанқызы мен Касенова Назгүл Базарбайқызы осындай кездесулердің қашанда пайдалы болатынын, кәсіподақ белсенділері мен аудандық, қалалық кәсіподақ жетекшілерінің өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісіп отыруы құптарлық жайт екендігін баса айтты.
Келесі болып сөз алға Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Нұрхат Садықов пен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Нұрбахыт Аяғанова өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіподақ мүшелерін қорғау, сауықтыру, оқыту шаралары туралы мағлұматтар беріп өтті. Екі жақты кездесу барысында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төраға орынбасары Ерұлан Мағзымбеков облыстық ұйымның озық тәжірибесімен бөлісіп, ұйымдастыру шаралары, әлеуметтік әріптестік, кәсіподақ мүшелерін оқыту туралы кең ақпарат берсе, Бас инспектор Берік Баймағамбетов ұйым мүшелерінің құқықтық қорғалуы, кәсіподақ үйірмелері мен Жамбыл облысында ғана бар – еңбек инспекциясының жұмысы туралы толық ақпарат берді. Сонымен қатар, кездесу барысында «Еңбекші» салалық газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров облыстық ұйымның ақпараттық саясаты туралы, ақпараттық жұмысты жүргізудің тиімділігі туралы және төл басылым «Еңбекші» газетінің жұмысы туралы ақпарат беріп өтті. Жиын барысында «Меркі» шипажайы орналасқан Меркі аудандық комитетінің төрайымы Ғалиа Қажығалиева аудандық комитеттің тыныс-тіршілігімен таныстырып, бастауыш ұйымдармен жұмыс жүргізудегі өз тәжірибесімен бөлісті.
Осылайша, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында сауықтыру шарасымен қатар облыстық кәсіподақ ұйымдары арасындағы әдемі достық қатынас орнады. Кәсіподақ белсенділері мен жетекшілері алдағы уақытта да осындай пайдалы кездесулерді жиі-жиі өткізіп тұруға сөз байласып, бір-бірлеріне жаңа жылдық сыйлық жасасып, тарқасты.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-