
Жеңімпаз атанды
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы Байзақ аудандық комитетінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай Байзақ ауданы білім беру қызметкерлері арасында волейболдан аудандық турнир өткізілді. Аталған турнирге ауданның білім саласы қызметкерлерінен құралған 6 құрама команда қатысты.
Турнирге қатысушы 6 құрама команда екі топқа бөлініп, айналма жүйе бойынша ойындар өткізді. Ақтық ойынға әр топтан бірінші орын иеленген командалар жолдама алды.
- Турнирді өткізудің негізгі мақсаты - Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесін атап өту, сонымен қатар сала қызметкерлерінің арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттау, еңбек ұжымдарының бірлігі, дене шынықтыру-спорттық қозғалысты дамыту, еңбекшілер арасында науқастану деңгейін төмендету мен еңбекке қабілеттілікті арттыру, кәсіподақ мүшелерін бұқаралық спортқа баулу болып табылады, - дейді ұйымдастырушы, аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Елнұрбек Ермеков.
Аудандық турнирдің қорытындысы бойынша Н.Киікбаев атындағы мектеп гимназия құрама командасы жүлделі 3 орынды, Бурыл орта мектебінің құрама командасы жүлделі 2 орынды иеленді. Ал қарсыластарына шақ келтірмеген №1 орта мектебінің құрама командасы 1 орынды иеленді. Турнир жеңімпаздары кубокпен, арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-