«Тәуелсіздік пен жасампаздық жылдары»
Қазақстан тәуелсіздігі ұлтымыздың ежелден бостандыққа деген асқақ рухының жеңісі. Осыдан 25 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі десек артық айтқан болмас.
Білім және ғылым қызметкерлерінің Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы 2016 жылдың үлкен мерейтойы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған«Тәуелсіздік пен жасампаздық жылдары»атты салтанатты жиын өткізді. Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы қарсаңында жастарды патриоттық рух пен отан сүйгіштікке баулуға бағытталған.
салтанатты жиынға Шығыс өңірінің білім саласында қызмет етіп жүрген Желтоқсан оқиғасының күәгерлері, Тәуелсіздіктің құрдастары, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және студент-жастар шақырылып, өнерлі жастардың концерттік бағдарламарымен өрнектелді.
Салтанатты жиынды жастар атынан облыстық кәсіподақ жастар кеңесінің төрағасы Шәріпханов Тоқтар бастады. Ол өз сөзінде жиылған қауымды атаулы мерекемен құттықтай келе, қазіргі жас мамандардың қол жеткізген жетістіктері мен кем тұстарын атап өтті.
Желтоқсан оқиғасының куәгері Тарбағатай ауданы №2 Ақсуат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Дәулетшина Ж.Қ. 30 жыл бұрын өздері көрген, бастарынан өткізген оқиғадан сыр шертті. Бүгінгі тәуелсіздік жылдарында дүниеге келіп, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан жастарға тәуелсіздіктің әрбір күнін бағалай білу керектігін айтты.
Әр ауданнан келген білім саласында қызмет етіп жүрген желтоқсан оқиғасының куігерлері құрметпен сахнаға шақырылды. Облыстық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Н. Қасенова желтоқсаншыларды құттықтағаннан кейін гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді.
Білім саласының облыстық кәсіподақ ұйымының және Глубокий ауданының ардагер төрағалары Ибраева Ж.А мен Романова Л.Ф. жастарға деген өздерінің жүрек-жарды лебіздерін жеткізді. Өткен кеңес дәуірі мен қазіргі тәуелсіздік жылдарын салыстыра отырып, жастарға көп мағлұмат берді.
Тәуелсіздік құрдастары да елеусіз қалған жоқ, оларды құрметпен сахнаға шақырып, естелік сыйлық таратылды.
Салтанатты іс-шараның соңында жастар Кәсіподақ қозғалысының белсенділері марапатталды. Студенттік кәсіподақ ұйымдарының төрағалары Калимолдина Ж.А., Мироненко И.П«Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, ал жастар кеңесінің төрағасы - Шәріпханов Т. пен студенттер Қысатай Ә., Ақыт М. Алғыс хаттармен марапатталды. Әрбір марапатқа ақшалай сыйлық қоса берілді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің өркендеуіне бағытталған бұл іс-шара жастарды бірлікке,патриотизмге, жасампаздыққа жетелейтініне сенімдіміз.