Тәуелсіздік құрдастары – мәңгілік ел жастары
Үстіміздегі жылы қараша айының 30 күні Қармақшы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының филиалы Қармақшы аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік құрдастары-мәңгілік ел жастары» атты форумы өткізілді.
Форумның ашылу салтанаты Тәуелсіздіктің төл құрдасы жас ұстаздардың және Тәуелсіздіктің 5, 10, 15, 20 жылдық мерейтойында дүниеге келгендердің шеруімен басталды.
Форум барысында Қармақшы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған жастар қанатының жетекшісі Байдрахманов Ерсін Байдрахманұлы еліміздің бүгінгі жас ұстаздары жаңа жағдайда заманауи мемлекеттің жасап жатқан сындарлы саясатының арқасында алысқа қол сермеп, әлемдік деңгейдегі ұстанымды игеріп, жастардың келешек кілтін өз қолдарына алу үшін аянбай жұмыс жасауға шақырды.
Қармақшы ауданының әкімі Мақашов Сұлтан Ысқақұлы еңбек жолын 1991 жылы бастап, білім саласына 25 жыл сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін он бес ұстазға алғыс хат тапсырды.
Жас ұстаздардан құралған«Үгіт бригада» кәсіподақ жұмысының дамуы мен нығайуына, еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуына ұшқыр оймен жаңа серпіліс берді.
Қызылорда облыстық ұйымының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Байназарова Райкүл Мансұрқызы тәуелсіздік алған жылы шаңырақ құрып, үлгілі отбасы болғандарына ширек ғасыр толған жеті ұстаздар әулетін марапаттады.
Қармақшы аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Молдабаева Жұлдызай Кетебайқызы ұстаздық қызмет атқарып жүрген тәуелсіздік құрдастарына алғыс хат тапсырды.
Арал ауданының №19 орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сүлейменов Амантай Қойшыбайұлы Республикалық жастар форумының делегаты ретінде облыстағы көшбасшыларының жетістіктерін атап өтіп, кәсіподақтар қозғалысын жетілдіруде жастардың үлесін арттырып, барлық істерге жұмыла арласуға шақырды.
Форум мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, соңында «Тәуелсіздік құрдастары - Мәңгілік ел жастары» форумының облыс жастарына арналған Үндеуі қабылданды.
Жалпы, форумға қатысқан әрбір азаматтың бойындағы патриоттық сезімді оятып, кәсіподақ жастар қанатының қатаюына қозғаушы күш болды деп нық сеніммен айтуға болады.
Облыстық кәсіподақ комитетінің қызметкері,Кәсіподақтар Федерациясының жастар ісіжөніндегі комиссиясының мүшесіУтегенова Нұргүл Сабырқызы
-
Фотографии
-