
БІРЛЕСКЕН СЕМИНАР ШЕБЕРЛІКТІ ШЫҢДАЙДЫ
Кәсіподақ ұйымдарының белсенді әрекеті ғана өз мүшелерінің еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік ахуалының қалыпты үйлесім табуына, қызметкерлердің мәртебесінің жоғарылауы мен әлеуметтік қорғалудың артуына мүмкіндік берері сөзсіз. Осы орайда, жарғылық мақсат-міндеттері үндес, алған бағыты бір арнаға тоғысқан салалық кәсіподақтардың бірігіп өз мүшелерін оқыту, сауықтыру шараларын ұйымдастырып тұруы заңды қажеттілік. Осы мақсатта бүгін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының мәжіліс залында Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілеріне арналған «Кәсіподақ қызметінің негіздері» тақырыбында облыстық семинар өтуде.
Семинардың негізгі мақсаты салалық кәсіподақ ұйымының жарғылық құзыреті мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өз мүшелерінің заңды құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, өңірлік проблемаларды бірлесіп және келісе отырып шешу, жергілікті атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті жолға қою, кәсіподақ қызметкерлері мен кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қорғау мен өзара қолдау үшін күш-жігерлерді біріктіру.
Семинар Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық филиалы дайындаған арнайы құқықтық жинақтардың тұсау кесер рәсімінен басталды. Мәдениет және ақпарат қызметкерлері үшін, сонымен қатар дене шынықтыру және спорт саласының кәсіподақ жетекшілері мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға арналған 3 жинақтың тұсауын кәсіподақ төрайымдары Жанна Алшынбаева мен Гүлсін Орынбаева кесті. Кәсіподақ жетекшілеріне таптырмас көмек болатын жинақтың таныстырылымы өткен соң, барлық қатысушыларға аталған жинақтар таратылды.
Семинарда екі облыстық кәсіподақ ұйымының модераторлары Ерұлан Мағзымбеков, Берік Баймағамбетов, Дина Керімбек, Жанболат Орынбеков, Бейбіт Бекназаровтар тыңдаушыларға «Кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсат-міндеттері және құрылымы. Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?», «Жаңа Еңбек кодексін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары», «Еңбек ақы төлеудің жаңа моделін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары», «Жұмыс берушінің актілері және оларды кәсіподақпен келісу тәртібі» және «Кәсіподақтың ақпараттық саясаты. Кәсіподақтағы PR кампания» тақырыптары бойынша дәріс жүргізетін болады.
Семинар соңында қатысушыларды мазалап жүрген еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтары бойынша пікір алмасулар өтіп, сұрақ-жауап сағаты өтетін болады. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етіледі.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-