
«Кәсіподақ ұйымының жұмысын заманауи бағытта ұйымдастыру» тақырыбында облыстық тәжірибе алмасу семинары
22 қараша күні Атырау облысының Исатай ауданында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жоспарына сай «Кәсіподақ күші-бірлікте. Кәсіподақ ұйымының жұмысын заманауи бағытта ұйымдастыру» тақырыбында облыстық тәжірибе алмасу семинары өтті. Облыстық семинарға аппарат қызметкерлері, Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы, білім мен ғылым саласы кәсіподағының барлық аудандарындағы және Х. Досмұхамедов атындағы атырау мемлекеттік университеті, Атырау мұнай және газ институты филиалдарының төрағалары, мектеп пен бала-бақша басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, ардагер ұстаздар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Атырау атырабының біртуар ақыны, халық жазушысы Хамит Ерғалиевтың туғанына 100 жыл толуына орай, бұл облыстық семинар да дәл сол қарымды қаламгер дүние есігін ашқан Исатай ауданындағы бүгінде өз есімімен аталған Х.Ерғалиев ауылында жазушы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Содан соң, қатысушыларды жылы жүзбен қарсы алған жергілікті Новобогат мектебінің ұстаздарымен бірге сол мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, кәсіподақ мүшелерімен сұхбаттасу мүмкіндігі туды. Одан әрі семинар тыңдармандары Тұщықұдық ауылындағы «Құлыншақ» заманауибала-бақшасындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысты. Бұл екі мекемеге де облыстық кәсіподақ атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Келесі кезекте семинар қатысушылары арнайы жоспар бойынша аудан орталығы Аққыстау селосына табан тіреп, бағдарлама барысы мәдени шаралармен жалғасын тапты. Атап айтқанда, аталмыш селодағы Исатай Тайманұлы атындағы мұражайда болып, Исатай баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Жалын» мәдениет үйіндегі Х.Ерғалиев мұражайымен танысқан соң, аталған мәдениет ошағында тәжірибе алмасу семинарлық мәжілісі өз жұмысын бастап, түрлі тақырыптарда баяндамалар тыңдалып, кәсіподақ белсенділері тәжірибелік ойларымен бөлісті. Семинар соңында кәсіподақ мүшелігіне жаңадан өткен 10 қызметкерге кәсіподақ билеті мен сыйлықтар беріліп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Қатысушылар аталмыш шараның жоғары деңгейде өткізілуіне ұйытқы болған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Қайненовке ризашылықтарын білдіріп, мұндай қоғамға тигізер пайдасы мол шараларға алдағы уақытта да қатысып, бір кісідей атсалысуға ниетті екендіктерін жеткізді.
-
Фотографии
-