
КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗДЕРІ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының конференц залында «Кәсіподақ қызметінің негіздері» тақырыбында облыстық семинар өтуде. Семинарға Жамбыл облыстық ұйымына қарасты жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысуда. Семинар жұмысы кәсіподақ қызметін баяндайтын «Кәсіподақ – еңбек адамының тірегі» деректі фильмін тамашалаудан басталды.
Алғашқы болып «Кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсат-міндеттері және құрылымы. Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?» сұрағы қаралды. Кәсіподақ төрағасының орынбасары Ерұлан Мағзымбеков аталған мәселе төңірегінде дәріс жүргізіп, кәсіподақ мүшелігімен қамтылудың артықшылықтары туралы айтты.
- Қалыпты дамып келе жатқан қоғамдық қатынастар кәсіподақ ұйымдарына жаңа талаптар қоюда. Қазіргі жағдайда жалдамалы еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы саналуан мінддеттердің шешімінің табылуы кәсіподақ кадрлары мен белсенділерінің кәсіби даярлығына, біліктілігінің артуына байланысты. Сондықтанда, осындай оқуларды ұйымдастыру арқылы ең алдымен бастауыштардың төрағалары сауатты әрі білікті болуын мақсат тұтамыз, - деді Ерұлан Мағзымбеков өз сөзінде.
Одан кейін тыңдаушылар Кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы-бас инспектор Берік Баймағамбетовтың «Жаңа Еңбек кодексін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбы бойынша дәріс тыңдады. Өз сөзінде ол биыл қабылданған Еңбек кодексінің артықшылықтары мен мүмкіндіктерін, өзгеріске ұшыраған тұстарын, оларды тиімді пайдаланудың жолдарын айтып өтті. Ал Біріккен комитеттің төрағасы Жанболат Орынбеков жұмыс берушінің актілері және оларды кәсіподақпен келісу тәртібі тақырыбында әңгіме өрбітті. Білім мекемелерінде қабылданатын актілер мен бұйрықтардың, шешімдердің қайсысы кәсіподақ комитетімен келісілуі қажет, олардың мерзімі қандай, оларды іске асыру қалай жүруі қажет деген сыңайлы сұрақтарға семинар қатысушылары тұщымды жауаптар алды.
Күннің екінші жартысында кәсіподақтың «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров «Кәсіподақтың ақпараттық саясаты. Кәсіподақтағы PR кампания» тақырыбында тренинг өткізіп, кәсіподақтың ақпараттық саясаты, ол бастауыш ұйымдарда қалай жүру керек, кәсіподақтық және өзге де ақпарат көздерін тиімді пайдалану жолдарын түсіндіретін болады. Сонымен қатар, семинар соңында сұрақ-жауап сағаты өтіп, қатысушылар еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтары бойынша өздері қойған сұрақтарға жауаптар алады.
Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы оқудан өткендігі туралы сертификаттар табысталатын болады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-