
ШАХМАТ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ
Шахмат дегенде – ақыл-ойдың спорты екендігі еске түседі. Ал сол ойынның қалыптасуы мен дамуына өз үлестерін қосқан жерлестеріміз аз емес. Солардың қатарында ұлағатты ұстаз, ҚР спортына еңбек сіңірген қайраткер, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Құрметті кафедра меңгерушісі» – Қожахмет Жүсіпұлы Шамбилов. Қ.Ж.Шамбиловтың балғын да барлық жігіттік шағы ежелгі Қиғаш бойында орналасқан Құрманғазы ауданында өтті. 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітіріп келген жас маман астанада қалғысы келмей, туған жеріне тартады. Қиындығы мен қызығы мол ұстаздық жолды таңдаған жас жігіт алдымен Ганюшкино селосындағы Ломоносов атындағы орта мектепке дене тәрбиесі мұғалімі болып орналасады. Көп ұзамай жас жігітттің ұйымдастырушылық және өз ісінің шебері екендігін байқаған аудан басшылары Теңіз аудандық дене шынықтыру мен спорт комитетінің төрағасы міндетін сеніп тапсырады. Қожахмет Жүсіпұлының басшылығымен ауданның жастары облыстық, рсепубликалық ауыл жастары спартакиадаларында талай рет оза шауып, бәйге алады. Спортшы ағамыз 1966 жылы Гурьев педагогикалық институтының дене тәрбиесі кафедрасына аға оқытушылыққа шақырылып, кейін кафедра меңгерушілігіне сайланып, бұл лауазымды абыроймен атқарады. Қ.Ж.Шамбиловтың ұзақ жылғы халық ағарту саласындағы жемісті еңбегі жоғары бағаланып ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерей тойлық, «Еңбек ардагері» медальдары мен бірнеше облыстық, республикалық спорттық комитеттердің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жуырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде марқұм Қ.Ж. Шамбиловтың құрметіне шахматтан ашық біріншілік ұйымдастырылды. Бұл жарысқа аудан, қаладан келген үлкенді-кішілі, оның ішінде мектеп жасындағы оқушылары да бар 44 ойыншы екі күн бойы бақ сынасты. Жарыстың салтанатты ашылу сәтінде спортшылар еліміздің көк байрағына сап түзеп, әнұран ойналды. Алғашқы құттықтау сөзді осы оқу орнының Ғылыми істер жөніндегі проректоры С.Н. Идрисов алды. Ғалым басшы өз сөзінде облыстағы танымал шахмат клубының жұмысына тоқтала келіп, ойыншыларға сәттілік тіледі. Бұдан кейін сөз алған Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры, облыстық мәслихат дептутаты Е.У. Ихсанов, қалалық спорт бөлімінің басшысы М.Қ. Айтқалиев, шахматтан спорт шеберлігіне кандидат А. Сақтаған, Қ.Ж. Шамбиловтың жұбайы Клара апай және бас төреші С.Гайсин жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша әр жастағы және оқушылар арасында өткен тақталар бойынша чемпиондық атақты М.Сейтов, С.Кенжеев, Г. Төлеуова, Н.Хайрошев, Д.Ғабитовалар жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар атынан ескерткіш сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,университет кәсіподақ ұйымының төрағасы
-
Фотографии
-