
АРДАГЕРЛЕР МАРАПАТТАЛЫП, МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Қазақстан кәсіподақтарының күні мерекесіне арналған салтанатты жиын Жамбыл облысы Жуалы ауданында да аталып өтті. Жиынға саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесі мен олардың жарқын болашағы мен келешегіне жол сілтеу мақсатында ағартушылық қызметке, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатумен қатар, негізгі күш-жігері мен ақыл-қайратын толығынан ертеңгі ел тірегі болатын жастарға және сол жастарды жетелейтін педагог-ұстаздарға арнаған білім саласының аудандық кәсіподақ комитетінде төрағалық еткен кәсіподақ қозғалысының ардагарлері Рогачева Евгения Петровна, Манашев Сәбит Ізбасарұлы, Айсенова Күлшат Аймұхамедқызы шақырылды.
Салтанатты жиында мерекеге орай құттықтау сөзді аудандық комитет төрайымы міндетін атқарушы Аризат Мұртазаева айтты.
- Өркениетке бастар жолдың бастауы - мектеп десек, мектептің жүрегі, білім мен ғылымның, тәлім мен тәрбиенің, өсиет пен өнегенің өзегі - мұғалім, ұстаз жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру қажет. Ал, ұстаздар кәсіподағына уақыт жүктеген міндет - ол мұғалім мамандығын азаматтық қоғамда ең беделді, ең құрметті мамандықтар қатарынан көрінуіне жағдай жасау. Бұл тұрғыдан алғанда аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті өз міндеттерін мейлінше пәрменді орындап отыр деп айтуға негіз бар. Кәсіподақ белсенділеріне осы бағытта ойға алған әрбір істеріңізге сәттілік, батыл бастамаларыңыз бен ойлы ұсыныстарыңыздың баянды болуына әркез тілектеспіз, - деп №5 М.Ломоносов атындағы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымына 18 жыл бойы үзбей өкілеттік мерзімдер аралығына сайланған, бүгінде зейнет жасына жеткен Тағанбай Бақытұлына «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісін зор құрметпен табыс етті.
Ал ауданның «Құрметті азаматы», аудандық білім бөлімін, кейін кәсіподақ ұйымын басқарған Күлшат Аймұхамедқызы өзі қызмет еткен тұста ауданымыздағы кәсіподақ жұмысын жандандыруға зор үлес қосқанын баяндай келе, көшбасшыларға мерекеге орай құттықтауын жеткізді. Жастарды жігерлендіретін ойлы сөздер әр кәсіподақ жетекшісінің көпшілік сенімін ақтаудағы жұмысына бағыт-бағдар бергендей болды.
Жиында осынау ардагерлердің қатарын толықтырып, білім саласының асыл қазынасына айналғалы отырған аяулы ұстаз, №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Рыстай Жарылқасынқызы мен №13 А.Гайдар атындағы орта мектебінің кітапханашысы Маржанкүл Қыдырәліқызына адресат папкалар табысталып, қаржылай сыйлық жасалды, сауықтыру шипажайына 50 пайыздық жеңілдікпен жолдама табыс етілді.
Ал қоғамдық бастамада кәсіподақ қозғалысының жұмысын ілгерілетуде белсенділік танытып жүрген, бірқатар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. ЖиынҚазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, күйші-сазгер Аман Малдыбаевтың «Гүлденсін кәсіподағым» гимнімен аяқталды. Жиын комитеттің ұйымдастыруымен жайылған мерекелік дастархан басында жалғасты.
Жиынға жиналған көшбасшылар, кәсіподақ ұйымының бірлігі мен қатарының нығая түсуіне, сала қызметкерлерінің заңды құқықтары мен мүдделерін кәсіподақ арқылы қорғап, қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын қамтамасыз етіп, сала қызметкерлерін сауықтыруға, денсаулығын нығайтуға жағдай жасау бәріміздің ортақ мүддеміз деген ойымен, мерекелік көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Аризат БАТЫРХАНҚЫЗЫ,ЖАМБЫЛ облысы, ЖУАЛЫ ауданы
-
Фотографии
-