ЖАМБЫЛДЫҚ АРДАГЕРЛЕРГЕ КӘСІПОДАҚТАР КҮНІ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Кәсіподақтар күні мерекесіне орай Жамбыл облыстық Кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева майданда қан кешіп, бейбіт өмірде білім саласына қызмет еткен ардагерлердің үйіне барып, қайырымдылық көрсетті.
Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаеваның алғашқы ат тірегені Халилулла Дармаханов ақсақалдың шаңырағы болды. Тоқсанның төртеуіне келген ардагер зұлмат басталғанша мектепте бала оқытқан. 1942 жылы майданға аттанып, Сталинград шайқасына қатысқан, Курск доғасында шайқасып, Беларуссияны азат еткен.
-Ардагерлерге қолдау кейінгі жылдары күшейді, барынша жағдай жасалуда. Кәсіподақтардың басшылығына барлық ардагерлердің атынан алғысымды білдіремін. Біз кәсіподақтың қамқорлығын тек Жеңіс күні қарсаңында ғана емес, үнемі сезініп жүрміз, - деді Халилулла ақсақал алғысын білдіріп. Қамқорлығын көп көрген кәсіподақтарға береке тіледі, ақ батасын берді.
Келесі қарияның үйінде ардагер Петр Астаповтан бөтен ешкім болмады. Ақпанда 91-ге толған Петр Романович жалғыз тұрады екен. Сыртқы есігін көп қақпайтын ата кәсіподақтар аузын толтыра азық-түлік салынған дорбасын ала кіргенде қуанышын жасыра алмады. Қонақтарды төріне шығарып, әңгімесін жалғады.
-Соғыста снайпер, пулеметчик болдым. 1943 жылы алғаш рет жараландым. 1944 жылы емделіп келгесін маршал Г.Жуковтың танк армиясы қатарына өттім. Қайта жараланып, 3 ай емделдім. Госпитальдан қашып шығып, танк армиясына қайта қосылдым. Сол қарқынмен Берлинді алуға қатыстым. Берлинде 1950 жылға дейін әскери қызмет еттім. Жамбыл қаласына келіп мектепке мұғалім болып орналастым. Кейін милицияға ауыстым. Зейнетке шыққасын Октябрь мектебінде АӘД пәнінен сабақ бердім. 11 жыл бұрын қайтыс болған кемпірім екеуміз бір ұл, бір қыз тәрбиеледік. Бірақ, мына қызықты қараңыз, қызым тұрмысқа неміске шыққан, келінім де немістің қызы. Қазір ұлым да, қызым да Германияда тұрып жатыр. Немере, шөберелерім бар. Кезінде соғысқан немістермен құда боламын деп кім ойлаған?! - деп әңгімесін аяқтады Петр Романович.
Қарапайым тілдесуге зар болып отырған ақсақалдың көңілін аулап, ұзақ әңгімелескен Гүлсін Рахымжанқызы: «Біз - Кәсіподақтар, соғыс ардагерлері мен еңбек адамдарын қамқорлық пен ілтипатқа лайықты деп санаймыз. Өйткені, Сіздер мемлекеттің, тәуелсіз Қазақстанымыздың басты байлығы болып табыласыздар. Соғыстан кейінгі жылдары адал еңбекпен ел қуатын еселеп, қазақ балаларын оқытып, білім нәрімен сусындандырдыңыз. Ғұмырыңыз ұзақ, денсаулығыңыз мықты болсын», - деген сөздерін жеткізді.
«Құрмет-қошеметтеріңе мың да бір рахмет. Менің бар тілегім – енді соғыс болмаса екен. Елде бейбітшілік болсын. Біздің көрген қиындығымызды көрмеңдер. Қайталап айтамын, ең басты тілегім – ендігі ұрпағымыз соғыс көрмесе екен», - деп тілегін білдірген Бердібаев Мұсахан мен Ережепбай Джетыбаев ақсақалдардың да үйіне төрайым барып, құрмет көрсетті.
Осы күні Кәсіподақ төрайымы соғысқа қатыспаса да, елде ең абзал іс – бала оқытумен айналысқан Любовь Загрибельнаяның шаңырағында болды. 45 жылдық еңбек өтілінің 38 жылын ұстаздыққа арнаған қарт ананың кәсіподақ қозғалысы үшін еткен еңбегі де ұшан теңіз. 1968 жылдан бастап зейнетке шыққанша облыстық ағарту ісі кәсіподағының жауапты хатшысы болған Любовь Петровна қамқорлыққа алғыс айтып, жасалып жатқан игі шараға ризашылығын білдірді.
-Бұл шарамыз кәсіподақтардың төл мерекесіне орайластырылды. Мереке күні жеңіл флеш-моб немесе концерттен гөрі осындай қайырымдылық жасауды таңдағанымыз дұрыс шешім болған екен. Бұл бір жағынан қарт майдангерлерге жаңа серпін, бойларына күш-қуат сыйласа, екінші жағынан жастарға үлгі болды деп ойлаймын. Мұндай шаралар ұдайы кәсіподақ тарапынан жалғаса бермек, себебі, ардагерлерге деген құрмет ешқашан артық болған емес, - деп пікір білдірді Гүлсін Орынбаева іс шара туралы.
-
Фотографии
-