БАЛАБАҚШАДАҒЫЛАРДЫҢ ДА АЙТАРЫ БАР
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева мен Тараз қалалық кәсіподақ комитетінің бас маманы Арман Стыбаев қатысқан кезекті қоғамдық қабылдау Кәсіподақтар күні мерекесіне орай Тараз қалалық №28 балабақшаның шеңберінде өткізілді. Қоғамдық қабылдауға әртүрлі сұрақтарымен 5 адам қайырылды.
Біз аталған іс-шара барысында балабақша қызметкерлерінің де ағымдағы жылдың басында жаңадан қабылданған Еңбек кодексі туралы және соның салдарынан туындаған жалақы төлеудің жаңа моделі жүйесі жайлы тереңірек мағлұмат алғысы келетіндіктерін байқай алдық. Осыған байланысты біз бүгін №28 балабақшада болған қоғамдық қабылдау кезінде кәсіподақ мамандарына қайырылған азаматтардың әртүрлі сұрақтарына қайтарылған жауаптарға жеке-жеке тоқтала кетпекшіміз. Сондағы мақсатымыз - дәл осы салада еңбек етіп жатқан өзге де жұмыскерлер өздеріне керекті жауаптарын арасынан тауып алсын деген ізгі ниет.
Қоғамдық қабылдауда кәсіподақ мамандарына атаулы балабақшаның қоймашысы Шолпан Бигенова: «Менің айлық ақым 28 мың теңге ғана. Біз сияқты жұмыскерлерге сауықтыру жәрдемақысы неге төленбейді?» деген сауалымен келді. Оның бұл сауалына Арман Стыбаев: «Қазіргі қолданыстағы №850 қаулыға сәйкес сауықтыру жәрдемақасы тек азаматтық қызметкерлердің санатына жататындарға кезекті еңбек демалысына шыққанда бірге беріледі. Сондықтан сіздің жұмысыңыз белгілі бір білімді қажет етпейтін лауазым болғандықтан сіз азаматтық қызметкерлердің қатарына кірмейсіз. Сәйкесінше аталған жәрдемақыны ала алмайсыз» деп жауап берді.
Өз кезегінде балабақшаның есепшісі Рахат Құралова тігінші мамандарға сауықтыру жәрдемақасының төленбей жатқандығына алаңдаушылық білдіретіндігін жеткізсе, мекеменің педагог-психологы Жанна Тымбаева балабақшалардағы 25 баладан асатын топтарға қосымшаақының қарастырылмай отырғандығын алдыға тартты. Бұдан бөлек жиында балабақша тәрбиешісі Алма Құлтаева жұмыскерлерді ынталандыру үшін берілетін көтермелеу шараларының қандай жағдайда мүмкін болатындығын білмек болса, №28 балабақшаның меңгерушісі Гүлнар Тубаева соттылық туралы анықтаманың мән-жайы, ақысыз демалыс, атестаттаудан мерзімінен бұрын өтудің тәртібі және жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жұмысқа қабылдаудың міндеттілігі жайлы сұрады.
Жоғарыдағы сауалдар бойынша тігінші мамандарға сауықтыру жәрдемақасын төлеу 2015-2017 жылдарға арналған келісім шартта көзделгендіктен, биыл қолданысқа енетіндігі мәлім болды. Ал балабақшалардағы 25 баладан асатын топтарға қосымшаақы талапқа сай төленбейтіндігі айтылды. Өйткені, әлгіндей ақы бала саны артық болғанда емес, қайта төмен болғанда төленетін көрінеді. Мекемелердегі жұмыскерлерге көтермелеу жасау шарасы соған соны жүзеге асарғысы келетін мекеменің экономикалық жағдайы жақсы болғанда ғана мүмкін болып табылатындығын естіп, білсек, соттылық туралы анықтаманы тек қалалық білім беру бөлімінен ғана емес, сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтарынан да алуға болатындығына қанықтық.
«Ақысыз демалысты жұмыс беруші жұмыскермен өзара келісе отырып шешеді. Оны беру немесе бермеу жұмыс берушінің өз құқығы болып табылады. Ал аттестаттаудан мерзімінен бұрын өтудің тәртібі шартта қарастырылған. Осыған байланысты біз бүгінде өз саласы бойынша үлкен жетістікке жетіп, біліктілігін дәлелдегендерге соған сай санат беруді де қарастырып жатырмыз. Мұны аттестаттау комиссиясының назарына жеткізетін боламыз» деді мамандар.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
-
Фотографии
-