Шығыс Қазақстанда Спартакиада өтті
28 мамыр күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Шығыс Қазақстан облыстық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының тікелей қарамағындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында ІVоблыстық Спартакиада өтті. Әуесқой спортшылар спорттың үш түрінен сынға түсті, атап айтқанда волейболдан, дойбы және пневматикалық мылтықатудан жарыс ұйымдастырылды.
Төртінші спартакиаданың ашылу салтанатында облыстық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Н.Б. Қасенова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары А.О. Сұлтанова, кәсіподақ қозғалысының ардагері Ж.А. Ибраева сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Спартакиадалық жарыс тартысты өтті. Оған қатысқан ұжым азаматтарыныңбарлығы өздерінің күш-қуаттары мен ептіліктерін, шеберліктерін, біліктіліктерін сарқа жұмсады. Нәтижесінде мықтылары топ жарып шықты. Атап айтқанда,волейболдан Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі бірінші орынды иеленсе, екінші орынға Самар ауылынан келген аграрлы-техникалық колледжі, ал үшінші орынды Саратовка ауылындағы облыстық ауылшаруашылық колледжі жеңіп алды.
Пневматикалық мылтық атудан, дойбыдан ерлер арасында Серебрянск қаласының психикалық дамуы тежелген жетім балаларға арналған орталау түзету мектеп-интернатының қызметкерлері бірінші орынға иеленді.Әйелдер арасында пневматикалық мылтық атудан осы қаланың технологиялық колледжі, ал дойбыдан Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі бірінші орындарға шықты.
Спартакиада ойындарының Ережесі бойынша қатысушылардың бірыңғай үлгідегі киімдері және ұйым басшылары мен төрағаларының ойынға қатысуына қосымша ұпай қарастырылған. Осы тұста өз ұжымдарын қолдай білетін басшылар бірге келіп, ойынға қатысып, ұжымдарына қосымша ұпай алып берді. Мұндай басшылар жеке дипломдармен марапатталып, ерекше құрметке ие болды.
Ал, жалпы командалық есепте жүлделі бірінші орынға Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі шықты. Екінші орынды Самар агарлық-техникалық колледжі, ал үшінші орынды барлық ұпай санынан тең түскен Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжімен облыстық білім басқармасының құрама командасы иеленді. Жеңімпаздарға Кубок пен Грамоталарға қоса Алакөл демалыс базасына тегін жолдамаға сертификат табыс етілді.
Қалған командаларға әртүрлі номинациалар бойынша дипломдар ал, жарысты өткізуге ат салысқан төрешілерге алғыс хат берілді.
Облыстық кәсіподақ ұйымының жыл сайын өткізіліп келе жатқан спорт ойындарының жарысы бүгіндері дәстүрге айналған. Спортпен айналысу денсаулықтың мықтылығын ғана көрсетіп қоймайды,сонымен қатар адамды рухани тазалыққа баулуға да әсері мол.
-
Фотографии
-