Кәсіподақ және жастар: болашақ бүгіннен басталады
Жастар және Болашақ – бұл мәңгілік тақырып. Жастар – өмірдің қуат арнасы, оның тынысы, аяқ алысы, бір сөзбен айтқанда, өмірдің нағыз өзі.Адамзат өзінің өсіп-өркендеуінде осы мәселені ешқашан күн тәртібінен түсірмеген және түсірмек те емес. Кәсіподақтар да өз қатарын жастармен толықтырып, жастардың бойында кәсіподақтық сананы қалыптастырып, жастардың құқықтары мен мүдделері қорғалуын негізгі басым бағыттардың бірі деп есептейді. Осы орайда, аймақтағы жоғарғы оқу орындары -Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институты, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті, Жамбыл политехникалық колледжі мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттік кәсіподақ ұйымының құрамындағы белсенді жастардың қатысуымен «Кәсіподақ және жастар: болашақ бүгіннен басталады» тақырыбында семинар өтті.
Оқу семинарын кәсіподақ төрайымының орынбасары Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақ дегеніміз не?» деген сауалдан бастап, ұйымның мақсат-міндеттерімен, қызметімен, құрылымымен таныстырды. Ал Кәсіподақтың республикалық жастар ісі комиссиясының мүшесі, Байзақ аудандық құқықтық еңбек инспекторы Елнұрбек Ермеков Кәсіподақ ұйымы қызметінің құқықтық негіздерімен жастарды таныстырып, Кәсіподақтағы жастар саясаты туралы да әңгіме өрбітті. Жастар комиссиясының алдағы жоспарымен бөлісіп, жастарды болашақта бірлесе жұмыс атқаруға, белсенді болуға шақырды.
Қазіргі жастардың жаз маусымында «Жасыл ел» және Студенттік құрылыс отрядтарының қатарында, дүкендерде, мейрамханаларда, басқа да орындарда еңбекке араласып қосымша табыс табатынын ескерген Кәсіподақтың құқықтық және кадр бойынша жетекші маманы Әлия Джолшибекова еңбек заңнамасының негіздерімен жастарды таныстырды. Жұмысқа қабылдану барысындағы жастардың құқықтары мен кепілдіктері туралы да айтып өтті. Сонымен қатар, еңбек шартын жасасу, жұмыс уақыты, жастарды түнгі жұмыстарға тарту сынды мәселелер бойынша жастардың құқықтық сауаттарын аша түсті.
Семинар барысында тренинг ұйымдастырылып, екі топқа бөлінген жастар белсенді емес студенттер тобын кәсіподаққа тарту жұмысының жобасын ұсынды. Өз жобаларын қорғау барысында оқу орнындағы күнделікті қоғамдық жұмыстар барысында пайдаланып жүрген жұмыс бағыттарын ұсынды. Өз қатарларын тек белсенді ғана емес, шығармашыл, өнерлі, ғылыммен айналысатын, спорт сүйер жастармен толықтыру жобасы жасалды. Жастар бастамасын қолдаған төраға орынбасары Ерұлан Мағзымбеков алдағы оқу жылында өтеді деп жоспарланған облыстық кәсіподақ жастар форумы бүгінгі семинар қатысушылары ұсынған жобамен өтіп, жастар өз таңдаған жолдарының дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу мүмкіндігі берілетінін айтты.
Түскі үзілістен соң «Еңбекші» газетінің Бас редакторы Бейбіт Бекназаров кәсіподақтың ақпараттық саясаты туралы лекция оқыды. Құқықтық қорғау, мәдени-тынығу жұмыстары, тегін заң кеңестерін беру және т.б. бағыттар секілді ақпараттық жұмыс та кәсіподақтың негізгі бағыттарының бірі екендігін айтқан лектор, салалық газетке, орталық комитеттің сайтына материал дайындау және жариялау тәртібін, пресс-релиз жасау заңдылықтарын үйретті.
Неміс философы Зиммельдің айтуынша, «білімді адам – ол өзі білмейтінді қайдан табуға болатынын білетін адам» дегендей, кәсіподақ ұйымы, құқықтық қатынастар, еңбек шарты, жұмыс уақыты, ұжымдық шарт, ауыр және зиянды жұмыстар сынды түсініктерді кәсіподақ ұйымынан тапқан студент жастар бұдан былай кәсіподақпен бірге болатынына ұйымдастырушыларды сендірді. Кәсіподаққа жастар емес, жастарға кәсіподақтың қажет екендігін айтып өтті. Семинар соңында Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева студенттерге семинарға қатысқандығы туралы сертификат табыстап, естелік суретке түсті.
-
Фотографии
-