Кәсіподақ мүшелері төл мерекелерін ерекше тойлады
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және 10 маусым – Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күні мерекесіне орай білім саласы қызметкерлерінің Мақтарал аудандық кәсіподақ комитетінің бастамасымен «Көңілді старт» эстафеталық спорт сайысы ұйымдастырылды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру, Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V Заңын орындау және мұғалімдер арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен аламанға аудан көлеміндегі білім беру ұйымдарының бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағалары қатысып, өзара үздіктерді анықтады.
Іс-шараны аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бахтияров Пердебек ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Комитет төрағасы айтулы мерекенің маңызы мен тарихы, жалпы қазіргі күнгі қоғамдағы кәсіподақ ұйымдарының рөлі туралы айта келе, әріптестерге қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін салада атқарып отырған жұмыстары үшін алғысын білдірді. Одан соң аламан бәйгеге кезек беріліп, сындарлы сайысты аудандық кәсіподақ комитетінің маманы Ниязбеков Асқар жүргізіп отырды.
Дүбірлі додаға аудан көлеміндегі білім мекемелерінен іріктеліп жасақталған 5 команда қатысып, олар арасындағы бәсеке әр кезең сайын 5 шарттан құралып отырды. Сайыс екі айналымда өткізіліп, әр шарт бойынша қатысушыларға Арзықұлов Мұхтар, Жұманов Дүйсен, Сейдалиев Тартбек сияқты тәжірибелі әріптестерден жасақталған қазылар алқасы тарапынан ұпайлар беріліп отырды. Әр топтан бірінші орын алған командалар бас жүлде үшін таласса, топтық кезеңде жеңімпаз атана алмаған командалар үшінші орын жүлдесін сарапқа салды.
Эстафеталық сайыс барысында қатысушылар «Спорттық флеш-моб биі», «Кедергілер арасынан баскетбол добымен ойнап жүгіріп өту», «Қапен жүгіру», «Қасықпен су тасу», «Арқанмен тартыса отырып, себетке доп түсіру», «Секіртпемен жүгіру», «Аяқтың арасынан доп ұзату», «Шарларды жару», «Арқан тарту» және «Сөз құрау» сайыстары бойынша сынға түсіп, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады. Тартыс пен қызыққа толы болған сайыс қорытындысында Сәдібеков Бауыржан, Муталиев Наурыз, Елмұратов Данияр, Қалауов Нәліхан мен Оспанов Ғани сияқты команда жетекшілері үздік өнерімен танылып, арнайы марапаттарға ие болды. Ал, командалық есепте бас жүлдені иеленген «Жеңіс» тобы жеңімпаз атанса, «Сұңқар» командасы ІІ орынға лайық деп танылды, ал өз қарымы мен қабілетін көрсете білген «Барыс» командасы үздік үштікті қорытындылады. Сайыс соңында барлық белсенді қатысушылар мен жүлдегер команда мүшелері аудандық кәсіподақ комитеті тарапынан әзірленген марапаттар мен сый-сияпаттарға ие болды.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағыМақтарал аудандық комитетінің маманы А.Ниязбеков
-
Фотографии
-