Ақмола облысы Қорғалжын ауданында Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңындағы спартакиада
Қай қоғам болмасын, оның маңызды бөлігін алып отыратын сала – спорт екендігіне ешбір күмән келтірмейміз.Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі. Қазақстан азаматтарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын ынталандыру мақсатында аудан көлемінде біршама спорттық жарыстар өткізілуде.
Биылғы жылы да жалғасын тапқан ХҮІ аудандық «Мұғалім - 2016» спартакиадасы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына арналып өткізілді.
Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Қорғалжын мектеп-гимназиясының ғимаратында спортқа деген қызығушылығы мол, белсенді аудан көлеміндегі 14 мектептен ұстаздар және аудандық білім бөлімінен команда қатысты.
Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы, спартакиаданың ұйымдастырылуына ұйытқы болған Н. Тәжин, аудан әкімінің орынбасары С. Аққожина, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Омарова және аудандық мәслихат бөлімінің басшысы А. Дүйсекеева спартакиаданың ашылу салтанатында ұстаздарға спорттық додада жеңіске жетуге сәттілік тіледі және оқушылардың арнайы концерттік бағдарламасы тамашаланды.
Алты спорт түрінен өтетін жарысты бақылап, әділ төрелігін айтатын төрешілер тағайындалып, таныстырылды.
Өз мәресіне жеткен спартакиаданың жабылу салтанатында жүлделі орындарға ие болған ұстаздар мен командалар мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Атап айтар болсақ, жалпыкомандалық І орынды Ә. Үсенов атындағы Сабынды орта мектебі, кәсіподақ ұйымының төрағасы Сүлейменов М., мектеп директоры Әбеев С. Е., ІІ орынды Қорғалжын мектеп-гимназиясының мектебі, кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайырбеков Ж.О., мектеп директоры Тәжин Н. Е., ІІІ орынды Кеңбидайық орта мектебі, кәсіподақ ұйымының төрағасы Сыздықов Т.О., мектеп директоры Қалдыбаев Е.О. иеленді.
Сонымен қатар, спорттық және қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын ардагер ұстаздар аудан әкімі Қ. Ө. Рыскелдіновтің алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Спартакиада барысында түскі ас ұйымдастырылып, жол шығынына қатысты мәселелері де қарастырылды.
«Тәуелсіздікті баянды ету жолында еліміздің еңселі болуына әрбір қазақстандық өзінше үлес қосуы міндетті» – деп Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, әрбір іс-шара елді бірлікке, ынтымаққа, келешекке деген нық сенімді қалыптастыруға шақырса, ол халықтың көңілінен шығатыны сөзсіз. Мәні зор іс-шараларымыз игілікті, мерейтойларымыз мәртебелі болғай!
-
Фотографии
-