Ұлы Отан соғысының 71 жылдығы
Биылғы жылы еліміз бойынша 1941-1945 жылдар аралығында болып өткен Ұлы Отан соғысының 71 жылдығы тойлануда. Мақтарал ауданында да айтулы шара барлық сән-салтанатымен атап өтіліп, мереке қарсаңында соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олармен түрлі кездесулер мен басқосулар ұйымдастырылды.
Бүгінде аудан көлемінде білім саласында қызмет еткен Ұлы Отан соғысына қатысушы бір ғана ардагер ұстаз қалып отыр. Ол – М.Ғабдуллин атындағы жалпы орта мектебінің зейнеткер ұстазы Мұсабеков Әбу ақсақал. Ал Ұлы Отан соғысына теңестірілген әріптес ардагерлер - тыл қызметкерлері үшеу: Ким А.Н. (№3 Ю.Гагарин ат. ЖОМ), Тоқмырзаев Б. (М.Шоқай ат. ЖОМ) және Бопинаев А. (Г.Титов ат. ЖОМ). Сонымен қатар, ауған соғысына қатысып, елге оралған соң білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар саны бесеу: Нұрбабаев Б. (М.Әуезов ат. ЖОМ), Есханаев С. (Т.Бигелдинов ат. ЖОМ), Оразғалиев Б. (А.Жами ат. ЖОМ), Исанбаев Х. (Ғ.Мүсірепов ат. ЖОМ) және Шүкірбаев Ә. (Аудандық білім бөлімі).
Жыл сайынғы дәстүр бойынша биылғы жылы да ардагерлерімізге аудандық кәсіподақ комитетіні тарапынан сый-сияпаттар жасалып, құрмет көрсетілді. Аудандық кәсіподақ ұйымы мереке қарсаңында білім бөлімі мен мектеп ұжымдарымен бірлесіп, түрлі іс-шаралардың өткізілуіне ұйытқы болды. Осылайша, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы мен маманы М.Ғабдуллин атындағы жалпы орта мектебінің зейнеткер ұстазы, Ұлы Отан соғысының ардагері Ә.Мұсабековтың отбасына барып, қарияны төл мерекесімен құттықтап, сый-сияпаттарын тарту етті. Мектеп ұжымы да ардагер ұстазға арнап оқушылардың атсалысуымен концерттік бағдарлама дайындап, қойылым көрсетті. Кездесу барысында ардагер ұстаз соғыс жылдары туралы естеліктер айтып, азапты күндердің қасіреті туралы ой толғады, қазіргі бейбіт заманның қадірі, Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы туралы тілектерін қосып, барлық әріптестеріне, оқушы ұл-қыздарына аталық батасын берді. Мерекені атап өту шарасы жалғасын тауып, Ғ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектебінде ауған соғысы ардагері Исанбаев Хамробаймен кездесу өткізіліп, мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Кеш барысында соғыс жылдары, сол кездегі қаһармандардың ерліктері, Отан ұғымының қадір-қасиеті мен қастерлілігі, бейбітшіліктің маңызы туралы тұщымды ойлар, тағылымды естеліктер айтылды. Салтанатты жиында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы П.Бахтияров ардагер ұстаз бен мектеп ұжымын мерекемен құттықтап, арнайы сый-сияпатын табыс етті.
Ал, мереке құрметіне №3 Ю.Гагарин атындағы жалпы орта мектебінде спорттың волейбол түрінен сайыс өткізілсе, М.Шоқай атындағы жалпы орта мектебінде сурет көрмесі шымылдығын түрді.
Басқа білім мекемелерінде де Жеңіс күні қарсаңында спорттық бәсекелер мен ардагерлермен кездесулер, сурет көрмесі мен оқушылардың Ұлы Отан соғысы тақырыбына шығармашылық жұмыстар байқаулары, әдеби кештер мен кітапхана оқулары сияқты тағы басқа көптеген тағылымды шаралар атқарылды.
Мереке құрметіне аудандық кәсіподақ комитеті тарапынан білім саласында еңбек еткен және әлі де қызметін жалғастырып жүрген барлық ардагерлерге сый-сияпаттар жасалды, олармен естелік суреттерге түсіп, альбомдар жасалып төл мерекелерін тойлаушы әріптестерге табыс етілді.
Мақтарал аудандықкәсіподақ кеңесінің төрағасыП.Бахтияров
-
Фотографии
-