БАТЫРЛАРЫМ АМАН БОЛСЫН, ЕЛ ҚОРҒАҒАН!
Өткен жылы Ұлы Отан соғысының аяқталып, қолдарына қару ұстаған аталарымыздың арқасында келген Жеңiстiң 70 жылдығын дүркiретiп өткiзгенiмiз әлi ешкiмнiң есiнен кете қойған жоқ. Мiне, сол мерекенiң өткенiне де жыл толып, биыл 71 жылдық мерекенi тойлауға қамданып жатырмыз. Айтпағымыз, бiр жыл бұрынғы мерекеде салтанатты жиынның төрiн толтырып отырған абыз ардагерлерiмiздiң қатары тағы бiр сиреп, биылғы мерекенi қарсы алу бiршама ардагерлерiмiздiң маңдайына жазылмапты. Қалалық бiлiм бөлiмi мен бiлiм және ғылым қызметкерлерiнiң кәсiподақ комитетi жыл сайын қарудан кейiн қолдарына қалам ұстаған, соғыстан елге оралып қалған ғұмырын ұстаздыққа арнаған ұлағатты ұстаздардың отбасыларына бас сұғып, ардагерлердi құттықтауды қолға алған. Сала басшыларымен бiрге жорналшы ретiнде жыл сайын оннан аса ардагердiң отбасына барып жүрген бiз биылғы жылы олардың үшеуi ғана қалғанын естiгенде ерiксiз жағамызды ұстадық. Олар өткеннiң өшпес таңбасы болған сұм соғыстың отты жылдарында өлшеусiз қан төксе де елге оралды. Бейбiт күннiң байрағын түрдi. Жеңiстiң жалауын желбiрете түстi. Бүгiнде ұрпақтың келешегiне көз тастап, болашағына бағыт берiп отырған қазыналы қарттарымыздың жүрiп өткен жолдарына көз жүгiртсек, тағылымға толы тарихты байқаймыз. Әр ардагердiң отбасына барғанда тағылымы мол әңгiмелерiн тыңдап, бүгiнгi бейбiт күннiң маңыздылығын ұғына түсетiнбiз. Қайран, абыз ардагерлер! Амал не, өмiр заңы. Оларды өткеннен кейiн емес, арамызда жүргенде лайықты құрмет көрсетiп, қадiрiне жете бiлуiмiз қажет. Сондықтан да Ұлы Жеңiстiң 71 жылдығы қарсаңында ұстаздық жолда қызмет атқарған соғыс ардагерлерi жайлы сыр шертудi жөн көрдiк.
АБЫЗ АРДАГЕР, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Есiмi күллi түркiстандықтарға, тiптi облыс жұртшылығына таныс Дайрабаев Әбжаппар 1927 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Фрунзе ауданы, Сауран болысына қарасты Сыр өзенiнiң қарт Қаратау жағындағы Тартоғай деген жерiнде орта шаруаның отбасында дүниеге келген. 1932 жылы Әбжаппар атамыз “Сауран” станциясында байланысшы болып жұмыс iстеп жүрдi. Сол жылдың қазан айында ол Ташкент темiржол басқармасына шақыртылып, майданға жөнелтiлетiн бөлiмше құрамына алынды. Әбжаппар атаның соғыс жылдары жүрiп өткен жерлерi 1944 жылы Калинковици станциясынан басталып, Мозыр, Корестень, Житомир, Поленное, Равно, Сарны, Луик, Ковель, Польшаға дейiн жеттi.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейiн Әбжаппар ата 1946 жылдың аяғында елге оралды. Ұстаз болуды арман тұтып, мақсат еткен ол жоғары бiлiм алып, 1953 жылы Түркiстан қаласындағы қазiргi Әл Фараби атындағы мектепте шет тiлi пәнiнен сабақ бердi. Арада бiр жыл өткен соң мектеп директорының оқу iсi жөнiндегi орынбасары болып тағайындалды. Ұстаздық еңбек жолының 30 жылын мектеп директоры мiндетiн атқаруға арнады. Осындай қызығы мен қиындығы ұштаса өрнектелген өмiр жолдарының өзiне тән жемiсi болды. Оны омырауына таққан медалдар айшықтай түседi. “Еңбек ардагерi”, “СССР Қарулы күштерiне 60 жыл”, “Ұлы Отан соғысы Жеңiсiнiң 30 жылдығы”, 1967 жылы берiлген “СССР халық ағарту iсiнiң озық қызметкерi” белгiсi еңбек және Ұлы Отан соғысы ардагерiнiң мерейiн үстем ете түседi. Сонымен қатар оның тағы бiрнеше орден және медалдары бар.
Дайрабаев Әбжаппар атамыз жолдасы Фатима апай екеуi 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсiрген. Сан қиыншылықты бастан кешiрген. Ашаршылықты, соғыс жылдарындағы от пен оққа оранған кезеңдi көрген Дайрабаев Әбжаппар ата әлi де қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда. Екi рет ақсақалдар алқасының төрағасы, ардагерлер кеңесi төралқасының мүшесi, бiрнеше жылдар бойы төрағасы, төрт рет қалалық Кеңестiң депутаты болып сайланды. Елбасымен 2 рет кездесiп, қала халқының атынан сөйлеу құрметiне ие болған. Қалалық мәслихаттың ХХ сессиясында Түркiстан қаласының “Құрметтi азаматы” атағы берiлген.
МАЙДАНДА СОҒЫСЫП, ТЫЛДА ДА ЕҢБЕК ЕТКЕН АРДАГЕР
Соғыстан кейiн қаруын қаламға айырбастаған ұлағатты ұстаз Абдолла Рысметов - халқымыздың бейбiт өмiрi, қазiргi және болашақтағы ашық аспаны үшiн Ұлы Отан соғысында от кешкендердiң бiрi. 1924 жылы киелi Түркiстанның iргесiндегi Шорнақ ауылында дүниеге келген. 1940 жылы осындағы орта мектептi тәмамдап, фабрика-зауыт iсiн (ФЗО) оқыды. Анадан ерте айырылып, көп қиыншылық көрдi. Жастайынан қара жұмысқа жегiлдi. ФЗО жолдамасымен Ресейдiң Свердлов қаласындағы мыс қорыту зауытында жұмысшы болды. Осылайша бұрын атын да, затын да естiп бiлмеген жерден бiр-ақ шықты.
1941 жылы сұрапыл соғыс басталып, ер азаматтар майданға лек-легiмен аттанып жатты. Көппен бiрге Абдолла ата да Отан қорғауға ерiк бiлдiрдi. Саратов облысы, Пугачев қаласындағы кiшi командирлер даярлайтын әскери бөлiмнiң бөлiмше командирлiгiне тағайындалды. 1943 жылы Украин майданында Днепр өзенi маңындағы шайқастарға 53- дивизияның 1149 атқыштар полкi, танкiге қарсы шабуылдаушы ротаның құрамына қатысты. Сондай қанды ұрыстардың бiрiнде жараланып, қазан қаласындағы госпитальге ауыр халде түстi. Көрер жарығы бар екен, алдымен Алланың содан кейiн дәрменi күштi дәрiгерлердiң арқасында аман қалды. Күрделi ота жасалып, аздап айығып, 1944 жылғы ақпанда елге екiншi топтағы мүгедек болып оралды.
Барлығы Отан ѕшiн тырбанып жатқан тылда мүгедектiгiне қарамастан еңбекке етене араласты. 1946 жылы Алматы мемлекеттiк университетi филология факультетiнiң қазақ тiлi мен әдебиетi бөлiмiне оқуға түстi. М.Әуезов, Б.Кенжебаев, I.Кеңесбаев, М.Балақаев, И.Маманов, Т.Тәжiбаев, Қ.Жұмағалиев сынды оқытушы-ғалымдардың дәрiсi әдебиетке қызығушылығын бұрынғыдан бетер арттырды. Заңғар жазушы М.Әуезовтiң жетекшiлiгiмен “Алпамыс батыр жырының қазақ және өзбекше жырлануы” тақырыбында диплом жұмысын сәттi қорғады. 1948 жылы университетте бiрге оқитын Зағипа Барлыбаева есiмдi жұбын тауып, отау құрды. 1951 жылы диплом алған соң жас жұбайлар Түркiстанда мұғалiмдiк жолын бастады. Әбекең құрметтi демалысқа шыққанға дейiн А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев атындағы мектептерде 40 жыл ұстаздық еттi. Ал, зайыбы педагогикалық училищеде оқытушы, кейiннен директор болды. Екеуi 5 қыз бен 1 ұл өсiрiп, олардан 17 немере, 20 шөбере сѕйдi. Ал, шәкiрттерi ұстаздарынан алған бiлiмдерi арқылы елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде аянбай қызмет етiп жүр.
АРДАГЕР, ҚАЛАМГЕР, ҰСТАЗ
Ұлы Отан соғысының ардагерi, ардагер ұстаз, қаламгер Ергеш Ташметов 1923 жылдың төртiншi наурызында Қарнақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылы өз еркiмен Ұлы Отан соғысына аттанып, Сталинградтан Мәскеу, Харьков, Варшава, Кенгизберг, Берлин, Рейхистаг, Прагаға дейiн пулеметшi, сапер ретiнде фашистермен от кешiп, қан жұтып шайқасқан жауынгерледiң бiрi. Рейхстаг дуалына “2.05.1945 Ташметов Ергеш, Түркiстан” сөзiн жазып қалдырған. Соғыста көрсеткен ерлiктерi үшiн Кеңес Одағының бас қолбасшысынан “Қызыл жұлдыз”, I дәрежелi “Отан соғысы” ордендерiне, 20 медал, 6 рет “За отличные боевые действие и за Геройство” алғыс хатына ие болған ардагер соғыстан қайтқан соң 1948 жылдан бастап №42, №388 Никитин, ТГЖД мектептерiнде мұғалiм, методист болып 50 жыл жұмыс iстедi. Бейбiтшiлiк жылдарындағы өнегелi қызметтерi үшiн “Дербес зейнеткер”, “Қазақстан халық ағарту озаты”, “Методист-мұғалiм”, “Түркiстан қаласының Құрметтi азаматы” атақтарына ие болды. 1991 жылдан “Әлем Халықаралық Ахмет Ясауи” атындағы сыйлық иесi атанған жалғыз жан (бұл марапатты шетел марапаттаған, әлемде және Қазақстанда тұңғыш рет берiлген марапат әлi жалғыз). Әлем Халықаралық туристер экспедициясының Академигi Б.Е.Золотовтың басшылығындағы жүз мемлекет, жүз түрлi ұлт, 150 турист атынан шексiз алғыс қолтаңбасын 2011 және 2012 жылдары қатарынан екi рет алды. Сонымен қатар, Украина және Өзбекстанның жоғары наградаларымен марапатталған.
Ергеш атамыз осы уақытқа дейiн қолынан қаламы түспеген қаламгер. Бiрнеше әдебиеттердiң авторы. Шығармалары түрлi басылымдарда жиi жарық көредi. Тәуелсiздiкке ие болған күннен Президентiмiз Н.Назарбаевтың стратегиясы бойынша озат 50 мемлекет қатарына енгiзу, мәдени, рухани байлығын арттыру мақсатында “Яссавий Дошқозони”, “Ахмад Яссавий”, “Яссавий ва Арслонбоб”, “Яссави ва Темир курагон”, “Мухаммед Пайғамбар және Ахмет Яссауи”, “Ислом - илм, муъжиза ва Ахмад Яссавий”, “Педагогикалық хикметтер” сынды бiрнеше құнды кiтаптары оқырмандар көңiлiнен шыққан. Оның кiтаптарына оқырмандар, зияратшылар шексiз алғысын бiлдiрген. Түркiстанда Н.Назарбаевтың басшылығымен ХҚТУ-нiң ашылуы, оның қымбаттылығы, Абай, Шәкәрiм, Ыбырай, Ш.Уәлиханов, А.Науаи, С.Мұқанов, М.Әуезов туралы да бiршама кiтаптар жазды. Тәуелсiз Қазақстанды ерлiкпен бұлжытпай қорғайтын Рахымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлылар туралы “Батырлар эпопеясын” жазды. Бұл еңбектi әлi де жалғастырып, өлеңмен өрнектеуде. Кiтап дүкенiн ашып, халыққа таратуды да қолға алды. Туристер алған кiтаптар Вашингтон, Нью-Йорк, Париж, Берлин сияқты қалалардағы университет кiтапханаларында жаңа Түркiстан, Жаңа Қазақстан, оның өркендеуi туралы Нұрсұлтандай нұр шашып тұрғандығы әлемге аян!
Жасы 90-нан асқан болса да Тәңiрiмiздiң, Елбасымыздың қамқорлығы, құттықтауы мен ұлы тұлғалардың өзендей рухани байлығы мен кѕш-құдiрет берген. Бiр мектеп, бiр колледж, бiр университет ұжымы атқаратын күрделi мәдениет, руханият байлығын халық санасына сiңiруге бел байлаған азамат деуге болады.
САРБАЗДАРЫМ ТӨРЛЕСIН
СССР-ге басып кiрдi қаптаған,
Фашистердiң танкiлерi таптаған.
Отанымызды жауынгерлер қорғады,
Жауыздарды шегiндiрiп Москвадан.
Паравоздар оқ тасыды майданға,
Өгiз арба дән тасыды қырманға.
Жеңу үшiн сұм соғысты барлық ұлт,
Қарсы шықты фашистiк Германияға.
Тылда жүрiп өзiмiзге ас қимадық,
Майдан үшiн азық-түлiк жинадық.
Шымкенттен оқ-дәрiнi шығарып,
Жеңiс үшiн күндiз-түнi тынбадық.
Анам жесiр, оралмады-ау әкелер,
Аш-жалаңаш қырылды ғой бөпелер.
Мүгедек боп қайтып жатты қаншама.
Аяқ-қолсыз елден кеткен тәтелер.
Оқ пен отты кешiп жүрiп талмаған,
Сау жерi жоқ ажал бiрақ алмаған.
Сол соғыстың сарбаздары әне отыр,
Жамбыл жәкем өренiм деп жырлаған.
Қараңдаршы батырлардың келбетiн,
Жасай берсiн олар мәңгi жер бетiн.
Қанша қалды дейсiң қазiр ардагер,
Жол берiңдер, сарбаздарым, төрлесiн.
Е.ТҰРЛЫБЕКОВ