
ОРЫНДЫ САУАЛ, ОҢТАЙЛЫ ЖАУАП
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева аймақтағы іргелі жоғары оқу орны М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қоғамдық қабылдау өткізді. Шараның мақсаты – Елбасы Жолдауындағы еңбек қоғамын қалыптастырудағы негізгі бағыттар мен жаңа Еңбек кодексіндегі артықшылықтар мен өзгерістерді, сонымен қатар ұжымдық шарттың жасалуы және оған енгізілетін тармақтардың маңыздылығын түсіндіру.
Алғашқы болып қабылдауға ЖОО-ның заңгері Талғат Бекбергенов келді. Ол еңбек заңдылығының өзгеруі, атап айтқанда жаңа Еңбек кодексінің қабылдануымен ұйымдағы ұжымдық шартты жаңа заңға сәйкестендіріп, өзгерістер енгізу қажеттігін, сәйкесінше осының қалай іске асырылатындығын сұрай келіпті. Қоғамдық қабылдау барысында ұйымдастыру-кадр бөлімінің инспекторы Қарлығаш Утешова магистранттар мен доценттердің жалақылары туралы, «Қылмыстық құқық» кафедрасының аға оқытушысы Жомарт Тұңғышбаев ардагер оқытушыларды марапаттау туралы, әкімшілік-шаруашылық бөлімінің операторы Жанат Оспанова кіші қызметкерлердің еңбек демалысын 30 күнге дейін созу туралы, еден тазалаушы Надежда Ельникова зейнетке шыққан қызметкерлердің құқықтары мен жұмыс ерекшелігі туралы, кітапхана директоры Гүлжан Иржанова жаңа технологиялардың енгізілуімен зейнет алдындағы жастағы қызметкерлердің функционалдық міндеттерін атқара алмауына байланысты еңбек шартын тоқтату туралы сауалдарын қойды.
Аталған іс-шара әр түрлі мәселемен келген қызметкерлердің мұң-мұқтаждықтарын мүмкіндігінше шешіп бере алды. Бұған өз ісінің кәсібіи маманы, заңгер Берік Баймағамбетовтың қойылған сауалдарға тиісінше жауап қайтара білгендігі көп септігін тигізді.
Бейбіт БЕКНАЗАРОВ
-
Фотографии
-