
Береке басы - әз Наурыз
Халқымыздың ұзақ тарихын, ұлттық бітім болмысын әйгілей түсетін Әз Наурыз әдетінше табиғатты нұрға, жүректерді жырға бөлей келді.
22 наурыз күні Елордамыз Астана қаласынан бастап еліміздің жер-жерінде ауқымды шаралар өтіп, қазақстандықтар тағы бір жаңа көктемнің есігін көтеріңкі көңіл - күймен ашты. Табиғат –Ана жанданып, тіршілік күшіне енді. Үміттер үкіленіп, ұлы мақсат жолындағы қадамдарымыз қарқын алды.
Мереке күні Текелі қаласының орталық алаңына жиналған текеліліктердің шуақты көктеммен жарасым тапқан жарқын жүздерінен бүгінгі бейбіт өмірімізге деген «шүкіршілік» пен ертеңімізге деген сенім айқын байқалды.
Орталық алаң төріндегі сахнада «Балалар шығармашылығы орталығы» , «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблі мен Мәдениет үйінің әншілері бастаған ән мен күй қала өнерпаздарының өрелі өнерімен жалғасып, мерекенің салтанатын асырды.
Ю. Гагарин көшесінде қаз –қатар тігілген киіз үйлерде ұлттық тағамдар қойылған кең дастарқан жайылып, мереке дәмі Наурыз көже таратылды.
Қала мектептерінің ұстаздар ұйымының кәсіподақ төрағаларының шақыруымен жылдар бойы халықына қалтықсыз қызмет етіп келген ал, қазіргі таңда зейнеткерлікке шығып халқының риясыз алғысына бөленген қариялар, ардақты ардагерлер, құрметті азаматтар төрге шығып, көпшілікке ақ баталарын берді.Ұстаз халқының құшақ жая қарсы алуымен қатар ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс көрсетіп, тәтті ән мен күй ойналып, бір –біріне ізгі наурыз тілектерін жеткізіп, мерекенің сәні мен әрін кіргізді.
-
Фотографии
-