
КӘСІПОДАҚТАН ШЫНАЙЫ ДЕМЕУ
«Қазақстан Республикасының Ақтөбе облыстық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғам бірлестігінің филиалы университетімізде бастауыш кәсіподақ ұйымы деген атаумен құрылып, содан бері жұмысын абыроймен атқарып келеді. Қазір «Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-ң бастауыш кәсіподақ» қоғамдық ұйымының төрайымдық қызметін Гүлнұр Зарлықова басқарып отыр. Ол: «Біздің ұйым кәсіподақ мүшелерінің мүддесі мен құқығын қорғау мақсатында құрылған еркін қоғамдық ұйым болып саналады. Кәсіподақ ұйымы өз қызметін ҚР Конституциясы заңдары, нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық құқық нысандары мен «ҚР білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ бірлестігі» қоғамдық ұйымының Жарғысы негізінде жүзеге асырады», - дейді өзі басқарып отырған ұйымның міндеттері жайында.
Университеттің кәсіподақ ұйымы қызметкерлері жастардан құралған. Дегенмен «Жас келсе, іске» демекші, олар қол жеткізген жетістіктерде жетерлік. Солардың бірі жақында университетімізде білім алатын ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерге «Профтех» көлік жүргізу орталығында тегін оқуларына мүмкіндік туғызып, оларға тегін оқуға сертификат табыс етілді. Бұл мүмкіндікке техникалық факультетінің 1 курс студенті Дархан Қожабай, тарих факультетінің 2 курс студенті Гүлмаржан Қалиланова, жаратылыстану факультетінің 3 курс студенті Анар Балгали, шет тілдер факультетінің 4 курс студенті Жалгас Альдинов, филология факультетінің 2 курс студенті Айжан Нұрсұлтановалар ие болды.
Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымы мүшелеріне әлеуметтік және экономикалық мәселелер мен еңбек заңнамалары туралы ақысыз кеңес алуға, материалдық және рухани қолдауға, қызметкерлердің балаларының демалысын, сауықтыруын ұйымдастыруға, спорттық шараларға және кәсіби мамандықтар сайыстарына қатысуға жағдай жасайды.
Сонымен бірге кәсіподақ тарапынан үнемі университет студенттері мен қызметкерлеріне арналған мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылып, түрлі қайырымдылық акцияларын өткізіп отыру да жыл сайынғы дәстүрге айналған жақсы бастамалардың бірі.
Студенттерді қорғау мақсатында, кәсіподақ материалдық жағдайы аз қамтылған студенттер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге әркез қолдау көрсетіп қана қоймай, ақшалай көмек көрсетіп, сонымен қатар олардың тамақтануына берілетін жеңілдіктерінің бөлінуіне ықпал етеді. Және олардың толықтай жатақханамен қамтылуын да үнемі басты назарда ұстайды.
Білім беру қызметкерлерінің, студенттердің бары мен жоғын түгендейтін, мәртебесі мен мақсатын ойлайтын бұл ұйымның атқарар игі істерін тізбектесек тауыса алмасымыз анық. Бір сөзбен айтқанда, біздің кәсіподақ осындай...
Динара Кужахметова