Областная спартакиада работников образования Кызылординской области
Қызылорда облысының білім қызметкерлерінің спартакиадасы 2015 жылдың 5-7 қараша аралығында Жаңақорған ауданындағы облыстық қосымша білім беру және олимпиадалар орталығында өткізілді.
Спартакиаданың мақсаты салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау, білім қызметкерлерін дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, шеберліктерін шыңдау және бұқаралық спортты одан әрі дамыту.
Спартакиадаға облысқа қарасты Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан және Қызылорда қаласынан барлығы сегіз команда спорттың алты түрінен футбол, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат және арқан тарту бойынша 220 білім қызметкерлері қатысты.
Спартакиаданың салтанатты ашылуында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының төрайымы Байназарова Райкүл Мансұрқызы қатысушыларға сәттілік тілеп, спартакиада жалауын көкке көтеруді команда капитандарына табыстады.
Алғашқы жарыс арқан тартумен басталып әрі қарай өз кезегімен жүре берді. Ойыншылар күннің салқындығына, жаңбырдың жауғанына қарамастан жеңіске жету үшін бар күш жігерін салды.
Спартакиада барысында спорт жарыстарымен қоса кешкі уақытқа «Біз өнерлілерді іздейміз», командалардың толық қатысуымен «флешмоб» би жарысы ұйымдастырылды. Спортпен қоса өнерге деген қырлары да анықталып, үздік дегендері естелік сыйлықтармен марапатталып отырды.
Спартакиада ережесіне сәйкес спорттық жарыстар өте жоғары деңгейде өтті деп атауға болады. Жарыстың төрешілері әділ бағаларын берумен қатар кәсіби шеберліктерімен қатысушылар көңілінен шыға білді.
Арқан тарту сайысы бойынша бірінші орынды Жаңақорған ауданы еншілесе, ал тоғызқұмалақ ойыны бойынша бірінші орынды Қазалы ауданының командасы иеленді. «Үздік ойыншы» номинациясын ерлер арасында Сырдария ауданының ойыншысы Қарашаев Кенбай, ал әйелдер арасында Арал ауданының ойыншысы Сейтжанова Гүлбану Марапатталды.
Шахмат ойыны бойынша бірінші орын Шиелі ауданының үлесіне тисе, осы ойынның «Үздік ойыншы» номинациясымен Мизамбаев Бекболат және Елеусинова Шолпан марапатталды.
Волейбол ойыны бойынша бірінші орынды Қызылорда командасы иеленді. «Үздік ойыншы» номинациясымен Қармақшы ауданының ойыншысы Жайлашев Айбек және Қызылорда командасының ойыншысы Бекназарова Гүлзат марапатталды.
Футбол ойыны бойынша бірінші орынды Қазалы ауданы иеленді. «Үздік ойыншы» Қазалы ауданынан Орынбеков Олжас, «Үздік қақпашы» Қазалы ауданының ойыншысы Өзбекбаев Қанат және Қармақшы ауданының ойыншысы Байшылықов Мадияр «Үздік қорғаушы» номинацияларымен марапатталды.
Жалпы жиналған ұпайлардың қорытындысымен Қызылорда қаласының командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Қазалы ауданының командасы алды, ал үшінші орынды Шиелі ауданының командасы еншіледі. Оған ешкімнің таласы да болмады, себебі командаға жүзден жүйріктер жиналып, өте жоғары дайындықпен келген. Қатысушыларға естелік сыйлықтар, алғыс хаттар, диплом, медалдар, номинациялар және кубог тапсырылды. Өзінің шеберлігімен, ұтқырлығымен, жылдамдығымен және жақсы нәтижесімен көзге түскен қатысушылар С.Ақмырзаев, А.Жусупов, Р.Әбдірейімов, А.Өтегенов, Ә.Медеуов, А.Хегай, С.Жолдыбаева, А.Бержакиева, Р.Бисембаев, Б.Құрманалиев, Е.Мұратбек, М.Райбекке Астана күніне орай жіберілетін 3 күндік Астана қаласына саяхатқа жолдама тапсырылды.
-
Фотографии
-