Қауіпсіз еңбек – лайықты еңбек!
А Қ П А Р А Т
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24 бабында қауіпсіз және гигиена талаптарына сай жағдайда еңбек ету құқы азаматтардың негізгі құқтарының бірі ретінде бекітілген. Қазіргі таңда еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі еңбек қатынастары жүйесіндегі ең осал тұс екенін мойындауымыз керек.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кәсіподақтардың еңбекті қорғауға ықпалы мен рөлінің төмендегені баршаңызға аян. Оның басты себептері ретінде кәсіподақтардың еңбек қорғау бағытында заңмен белгіленген құқықтарынан айырылуын, еңбек қорғау бойынша техникалық инспекциялардың жойылып, кәсіподақ органдарында еңбек қорғау мамандарының лауазым бірліктерінің қысқартылғандығын атап өтуге болады.
Еңбек қауіпсізідігі мәселелерімен үнемі кім айналысуы керек? Тәжірибе қай мекемеде кәсіподақ ұйымы қызмет етсе, сонда еңбек қорғау мәселесі қаралып, шешімін табу әрекеттері жасалатынын көрсетеді. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға деген қамқорлық жасау кәсіподақ табиғатына тән қасиет екенін түсінген абзал. Еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік жарақаттану қаупін төмендету мәселелерімен бірде-бір өзге ұйым күнделікті әрі мақсатты түрде айналыспайды.
Жыл сайын 28 сәуірде Қазақстан кәсіподақтарының Федерациясы және оның мүшелік ұйымдары Бүкіләлемдік еңбек қорғау күніне арналған іс шаралар өткізеді. 2015 жылы Бүкіләлемдік еңбек қорғау күнінің тақырыбы «Еңбек қорғаудағы мәдениетті бірге арттырайық!» (Вместе повысим культуру профилактики в охране труда)» болып белгіленген.
Халықаралық Еңбек Ұйымы Бүкіләлемдік еңбек қорғау күнін барша әлемде жұмыс орындарындағы жазатайым оқиға мен кәсіби науқастанудың алдын алуға ықпал ету мақсатында атап өтеді.
Осы ретте, Кәсіподақтың Жамбыл облыстық комитеті мен оның мүшелік ұйымдары жергілікті жерлерде әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып еңбек қорғау мен қауіпсіздігі жөніндегі акциялар, көрмелер, байқаулар, оқу семинарларын, «дөңгелек үстелдер» мен өзге де тақырыптық шаралар ұйымдастырды.
Солардың бірқатарына тоқталатын болсақ:
Кәсіподақтың Сарысу аудандық комитетінің бастамасымен «Айгөлек» балабақшасы, Жаңатас қалалық Балалар мен жасөспірімдер орталығы, Қамқалы ауылындағы Т.Әубәкіров атындағы орта мектеп, Саудакент елді мекеніндегі Б.Қашқынбаев атындағы орта мектептің еңбек ұжымдарында кәсіподақ мүшелерімен кездесулер, семинарлар, «дөңгелек үстелдер» өткізілді.
Байзақ аудандық филиалының бастамасымен Атқару комитетінің «Еңбек қауіпсізідігі мен қорғау» тақырыбына арналған отырысы өткізіліп, онда негізінен әлеуметтік әріптестік актісі – Ұжымдық шарттардағы «Еңбек қорғау» бөлімінің маңыздылығы кеңінен насихатталды.
Жуалы аудандық комитетінде 17.04.2015ж. «Еңбек қорғаудағы мәдениетті бірге арттырайық!» тақырыбының аясында «Педагог қызметкерлерді аттестаттау» сұрағы бойынша Кәсіподақтың құқықтық үйірме жетекшілерімен кезекті семинар, 24.04.2015ж. Б.Момышұлы ауылындағы А.Герцен атындағы орта мектепте «Еңбек қауіпсіздігін сақтау – өміріңді сақтау» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. 25.04.2015ж. мүшелік ұйымдардағы еңбек ұжымдарында «Кәсіподақ және қоғам» сенбілігі, 26.04.2015ж. «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар кәсіподақ назарында» қамқорлық көрсету акиясы өткізілді.
Меркі аудандық кәсіподақ ұйымының бастамасымен 41 еңбек ұжымында мекеме басшылары, қоғамдық инспекторлар, ұстаздар мен қатардағы техникалық қызметкерлердің қатысуымен ауылды жерлерде кездесін жазатайым жағдайлар, кездейсоқ, тосыннан орын алатын өндірстік жарақаттар туралы айтылып, еңбек қорғау саласындағы заңнама талаптары насихатталды.
Кәсіподақтың Шу, Т.Рысқұлов аудандарында осы күн аясында білім саласында еңбек етіп жүріп өнідірстік жарақат алған, мүгедектікке ұшырап қалған қызметкерлермен кездесу, оларға қайырымдылық көмек көрсетілді.
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де кәсіподақ ұйымының бастамасымен факультеттерде «Оқу кафедраларындағы жұмыс орындарында еңбек қорғау мен техника қауіпсізідігі туралы» тақырыпта бірнеше «дөңгелеу үстел» отырыстапы ұйымдастырылды.
****
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының өз бастамасымен 2015 жылғы 28 сәуірде Облыстық кәсіподақтар үйінде Бүкіләлемдік еңбек қорғау күні аясында «дөңгелек үстел» нысанындағы кәсіподақ активімен кездесу өтті. Кездесуге Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің Кәсіподағы төрағасының орынбасары В.Беженаров қатысты.
Сондай-ақ, отырысқа әр деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, әлеуметтік әріптестер – мекеме мен ұйым басшылары, кәсіподақ белсенділері мен қызметкерлері, кәсіподақтық БАҚ өкілдері шақырылды және қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе, жалпы салалық кәсіподақ ұйымының ағымдағы қызметі, еңбек және салалық заңнамалардағы өзгерістер, «Кәсіподақтар туралы» Жаңа Заң аясындағы жарғылық талаптардың жүзеге асырылуы туралы Кәсіподақ төрағасының орынбасары Беженаров Виктор Федорович кеңінен ақпарат берді.
«Дөңгелек үстел» барысында күн тәртібіндегі сұрақ аясында Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы төрайымының орынбасары Ерұлан Сәбенұлы ақпараттық хабарлама жасады.
Облыстық кәсіподақ ұйымының құрамындағы еңбек қорғау мен қауіпсіздігіне қоғамдық бақылау жүргізу мен қамтамасыз ету мәселелеріне едәуір көңіл бөліп, бірқатар оң нәтижелері мен тәжірибесі қалыптасқан Сарысу аудандық филиалының төрайымы Дәмеш Серікбекқызы Орынбекова, еңбек қорғау саласындағы жұмысы дұрыс жолға қойылған Қордай аудандық ұйымының жетекшісі Фатимат Жұмаділқызы Байбековалар өз тәжірибелерін оратаға салды.
«Дөңгелек үстел» барысында оның қатысушылары В.Беженаровқа еңбек және салалық заңнамалар аясында көкейлерінде жүрген біраз түйткілді мәселелер мен сауалдарын жолдап, оған нақты әрі білікті жауап алуға мүмкіндік алды.
Алқалы жиын соңында «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі 2014 жылғы республикалық қоғамдық байқаудың» Жамбыл облыстық ұйымынан қатысып, жеңімпаз болған 5 білім мекемесінің еңбек ұжымы мен 5 қоғамдық инспекторына, 2014 жылы өткізілген «Белсенді оқыту – тиімді кәсіподақ» атты республикалық байқаудан жеңімпаз болған Жамбылдық кәсіподақтардың өкілдеріне марапаттар тапсырылды.
«Кәсіподақ жаршысы»
газетінің редакциясы
29.04.2015ж.