САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДА
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы «№16 жалпы білім беретін мектеп» ұжымында «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы жұмысының негізгі бағыттары» тақырыбында семинар-кеңес өтіп, оған Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы А.Мұқашева қатысты.
Семинар-кеңес жұмысын ашқан А.Мұқашева әріптестерін жаңа жылмен құттықтап, жаңадан құрылған бастауыш ұйым мүшелеріне еңбек мәселелері бойынша қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде, Әлеуметтік-әріптестік туралы және 2022 жылғы жұмыс қорытындысы туралы баяндап берді.
Семинар-кеңеске Мұнайлы ауданы бойынша білім беру ұйымдарының бастауыш кәсіподақ төрағалары, №16 мектеп ұжымы, әлеуметтік-әріптестер Салалық кәсіподақтың ұйымдастыру жұмыс бөлімінің басшысы Е.С.Иманбаев, құқықтық жұмыс, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы А.Ж.Бектабанов және Маңғыстау облысы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Т.А.Баймбетова қатысты.
Кәсіподақ өкілдеріне кездесу барысында ұжым мүшелері бірқатар сауалдарын жолдап, жауаптарын алды. Жиын соңында кәсіподақ қозғалысының өрістеуіне ықпал етіп жүрген белсенді бастауыш кәсіподақ көшбасшылары «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
А.Мұқашева марапатталғандарға сертификат сыйлықтармен қоса шипажайларға жолдама беріп, Салалық кәсіподақтың марапаттары салалық келісімге сәйкес, педагог- қызметкерлерді аттестаттау кезінде ескерілетінін атап кетті.
Салтанатты жиынның «№16 жалпы білім беретін мектеп» ұстаздары Ұ.Таңғатаров, А. Кузембаев, А.Мұхановтардың «Кәсіподақ-Қорғаушы» гимнін орындаумен қорытындыланды.