ЖҮЙЕЛІ ЖОСПАР – НАҚТЫ ІСТІҢ БАСТАУЫ
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың төрағалығымен облыстық ұйымның кезекті Атқару комитетінің отырысы өтті. Алқалы жиынға Кәсіподақтың облыстық, қалалық ұйым жетекшілері мен құқықтық инспекторлар, құрылымдық бөлім жетекшілері, комитет мүшелері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ - 2023 жылдың жұмыс жоспарын бекіту бойынша Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков сөз алып, жоспармен таныстырды.
- Жүйелі жоспар – нақты істің бастауы. Біз жоспардың өзегіне бастауыш ұйымдардың рөлін көтеру арқылы кәсіподақтың барлық деңгейдегі әлеуетін арттыру, әлеуметтік әріптестік арқылы саладағы түйткілдерді шешу, педагог емес қызметкерлердің жалақысын арттыру сынды мәселелерді алып, басымдық бердік. Қазіргі қоғамның өзгеруіне орай кәсіподақтарға деген көзқарас та, сұраныс та өзгерді. Біз осы сұраныстарға сай болып, одақ мүшелерінің сенімін ақтау үшін жұмыс істеуіміз қажет, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Бұдан соң Кәсіподақтың Біріккен комитеті (Ә.Джолшибекова), Сарысу ауданы (М.Абдиров), Т.Рысқұлов ауданы (Т.Оразбаев), Мойынқұм ауданының (Б.Тілеужанов) құқықтық еңбек инспекторларының есептері тыңдалды.
Әлия Жолшыбекова 2022 жылы Жамбыл облысының білім басқармасына бағынысты білім беру мекемелерінде ҚР еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша 28 тексеріс жүргізіп, еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 75 жағдайын анықтаған. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жасалған тоқтамдар және ұсыныстар саны – 34, жұмыс берушілерден алынған жауаптар саны – 39. Есепті кезеңде мемлекеттік органдарға жолданған ұсыныс, түсіндірме беру үшін сұраныс хаттар саны – 8. Көрсетілген құқықтық қызметтер саны 1198. 2022 жылы кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржылардың нақты төленгені мөлшері – 16 947 520,82 теңге.
Кәсіподақтың Сарысу ауданы бойынша аймақтық құқықтық инспекторы Мәулен Абдиров 2022 жылы аудандық комитет мүшелігіндегі еңбек ұжымдарында 44 жоспарлы тексеріс жүргізген. Тексеруде еңбек заңдылығының талаптарын бұзудың 212 жағдайы анықталған. Заң бұзушылықтар бойынша жасалған тоқтамдар саны – 44, жұмыс берушілерден алынған жауаптар саны – 38. 2022 жылы кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржылардың нақты төленгені мөлшері – 11 605 835 теңге.
Т.Рысқұлов ауданы бойынша аймақтық құқықтық инспекторы Тимур Оразбаев білім беру мекемелерінде 2021 жылғы қараша – 2022 жылғы желтоқсан аралығында 55 тексеру жүргізген. Тексеру барысында анықталған заңбұзушылықтың саны - 175. Жұмыс берушілерге берілген ұсыныстар саны - 50, алынған жауап саны - 47. Жалпы есепті кезеңде барлығы 552 құқықтық қызмет көрсетілген. Есепті кезеңде кәсіподақ мүшелерінің пайдасына келтірілген экономикалық тиімділік мөлшері 20 597 890 теңгені құраған.
Мойынқұм ауданының аймақтық құқықтық еңбек инспекторы Бекен Тілеужанов 2021 жылғы қараша мен 2022 жылдың желтоқсан аралығында білім мекемелерінде 45 тексеру жүргізіп, еңбек заңдылығының талаптарын бұзудың 108 жағдайын анықтаған. Кәсіподақ комитетіне түскен арыз-өтініштер саны – 24. Осы кезең аралығында сала қызметкерлеріне берілген құқықтық кеңестер саны - 1551. 2022 жылы экономикалық тиімділік – 12 204 450 мың теңгені құраған.
Атқару комитетінің мүшелері инспекторлардың есептерін тыңдай келе құқықтық қызмет мамандарына 2022-2023 оқу жылы қарсаңында қабылданған жана мемлекеттік стандарт бойынша сыныптарды топқа бөліп оқытудағы олқылықты шешу, Ұжымдық шарттарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша және облыстық әлеуметтік әріптестік аясындағы екі жақты комиссияның сыныптардың бөлінуі бойынша қабылдаған шешімдегі нормалардың орындалуы бағытында қоғамдық бақылауды тұрақты негізде жүргізу, кәсіподақ активімен заңнамадағы және әлеуметтік әріптестік туралы актілердегі соңғы өзгерістер бойынша нормаларды кеңінен насихаттау, түсіндіру бойынша кездесулер, семинарлар ұйымдастыруға екпін беру тапсырылды.
Жиын барысында бұдан басқа Жергілікті кәсіподақтың облыстық есеп беру-сайлау конференциясы бойынша Ұйымдастыру комитетін құру, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдері үшін 2023 жылға арналған қосымша сауықтыру шаралары және кәсіподақтық марапаттаулар туралы сұрақтар қаралып, шешімдер бойынша Қаулылар қабылданды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.