ЕҢБЕКТЕГІ ӘРІПТЕСТІК – ЗАҢ ТАЛАБЫ
25 қаңтарда Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің ұйытқы болуымен аймақтың білім беру саласындағы Әлеуметтік әріптестік туралы келісімдердің орындалысы жөніндегі мәселе облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен «Еңбектегі әріптестік – заң талабы» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында жан-жақты сөз болды. Оған облыс әкімінің ішкі аудит бөлімінен, облыстық еңбек инспекциясы, білім беру басқармалары мен салалық кәсіподақ ұйымдарынан жауапты өкілдер қатысты.
Сонымен қатар, облыстың жеті ауданынан әкімдердің салаға жауапты орынбасарлары онлайн режимінде қатысуға мүмкіндік алды.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиевтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстел басындағы ашық әңгімеде Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында қаралып, оң шешімін таппай келе жатқан мәселелер қозғалды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрағасы Қылышбай Сүндетұлының айтуынша, бірқатар білім беру ұйымдарында педагогикалық қызметкерлерге берілетін жүктеме бір ставкамен (16 сағат) шектеледі, қалған сағаттар тарификация бойынша бос қалдырылады, содан кейін мұғалімдерге бөлінеді, бірақ, бүкіл оқу жыл бойы сағаттап төлейтін төлем бойынша еңбекпен өтеледі.
Сондай-ақ, уақытша жұмыста болмаған қызметкердің міндеттерін орындайтын педагогтерге орнын алмастырған сағаттары каникул кезінде төленбейді. Мектеп директорлары мұғалімге қосымша сағат бөлінген жағдайда, оның еңбек шартына қосымша келісім жасау және тарификацияға өзгеріс енгізуі қажеттілігі ескерілмейді. Облыс бойынша мұғалімдерге еңбек демалысы берілгенде төленетін сауықтыру жәрдемақысы да әлі күнге дейін дұрыс төленбей келеді.
Атырау облысы әкімінің төрағалығымен былтырғы жылдың 30 қарашасында өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында Білім беру басқармасына «Дамбы» өнер мектебінің және басқа да оқу орындарында жұмыскерлерге берілетін нақты жұмыс жасаған жүктемелері тарификацияға сәйкес сауықтыруға арналған тиісті төлемдерді қайта есептеп, қажетті қосымша қаржы бөлініп, берілуін қамтамасыз етсін» деген шешім қабылданғанымен әлі де орындалмаған күйінде қалып отыр.
Салалық Келісім талаптарына сәйкес, білім беру жүйесінде қызмет жасайтын медицина қызметкерлеріне, кітапханашыларға, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әдістемелік бірлестіктерінің басшыларына, есепшілерге ақылы еңбек демалыстарына қосымша үш күн берілмеген. Яғни, аймақта республикалық деңгейде жасақталған Келісім талаптары орындалмай отыр деген сөз.
Салалық кәсіподақтың жетекшісі Қылышбай Сүндетұлы жергілікті жерлерде мұғалімдерге отын және коммуналдық шығындар үшін жыл сайын төленіп келген 5000 теңгелік төлемді өсіру және мектеп директорлары мен есепшілерді мемлекеттік сатып алу заңнамасын түсіндіруді тегін оқытуды ұйымдастыру жайын көтерді.
Дөңгелек үстелде айтылған ұсыныстар мен дау-дамайларға себеп болып отырған жайттарға байланысты облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуахасова, облыс әкімінің ішкі аудит бөлімінің басшысы Құралай Бәкенова, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Нұрбол Қонысов, Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай және басқалар сөйлеп, пікірлерін ортаға салды. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Әбуов «Дамбы» өнер мектебі ұстаздарының ұжымдық шағымы бойынша түсінік берді.
Басқосуды қорытындылаған Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев мұғалімдерге отын және коммуналдық шығындар үшін жыл сайын төленіп келген 5000 теңгелік төлемді өсіру бойынша қазір барлық аудандарда 5 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) кем емес көлемде өсіру туралы жергілікті бюджетте қаржы қарастырылатын болды. Төрағаның тағы бір баса айтқан мәсеелесі Жұмыс берушілер (мектеп директорлары) салалық Келісімді мойындамай заң емес деп оның талаптарын орындамайтын болса, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне арнайы хат жолдап, нақты түсінік беру сұралмақшы. Осыған орай Әлібек Аманжанұлы өзге де нормативтік-құқықтық актілер сияқты әлеуметтік әріптестік туралы салалық Келісімнің де қарапайым қызметкердің еңбек құқығы мен мүддесін қорғайтын басты құжат екендігін қатысушылар назарына берді және тиісті мекеме басшыларынан аталған Келісім талаптарын орындау жөнінде қатаң сұраныс болатындығын ескертті.
Атырау облыстық ұйымы