ҰСТАЗ ЖОЛЫ – ҰЛЫ ЖОЛ
Мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі белгілі. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалім рөлін еш нәрсемен ауыстыруға болмайтындығын халықаралық тәжірибелер көрсетіп отыр. Демек, мұғалім біліктілігі, бұл еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғы шарты, басты кепілдігі болып табылады.
Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білімді мұға¬лімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәр¬биелеп шыға алады.
Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Өмірдің өзі де ұстаз. Біліммен баулып, биікке ұшыратын оқушыларының оқуда озат, өмірде патриот болуы ұстаздың ұстанымына байланысты. Мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын әрине ол - ұстаз. Бірақ осынау «Ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз.
Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ұстаздың ісі жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздарымыздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.
Бүгінгі біздің әңгімеміз үлгілі ұстаз Момбаева Айгүл Төлекбайқызы туралы болмақ. Айгүл Төлекбайқызы Маңғыстау облысы білім басқармасының «Жаңаөзен арнайы жалпы білім беретін және мектепке дейінгі ұйым» мекемесінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Осы жылдар ішінде мектеп оқушыларын қалалық, облыстық сайыстарға дайындап, жүлделі орындарға ие болуына тер төгіп жүр.
Мұғалімнің негізгі мақсаты — оқушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру. Сабақ беретін сыныптарында ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен арнаулы іс-жоспары бойынша жеке түзету жұмысын жүргізіп, саралап, даралап оқытуда.
Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайды. Айгүл Төлекбайқызы әрдайым өзінің білім жолында алған тәжірибелерін өзге ұстаз өкілдерімен бөлісіп келеді.
Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, жас мамандарға көмектесіп отырады. Ұжыммен тіл табысқыш, ибалы, кішіпейіл, қарапайым ұстаз. Білімін үнемі жетілдіріп отыратын, білім мен тәрбиені ұштастырған ұстаз ғана емес, ол төрт баланың анасы, аяулы жар.
Момбаева Айгүл Төлекбайқызы - барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете білетін, өз жұмысына, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарай білетін, адал да шынайы, өз ісіне жауапты ұстаздардың бірі.
Шәкірттеріне білім нәрін төгіп, адал жолмен табыс табу қабілетін дарыта алатын мұғалім үлкен құрметке бөленуі тиіс. Ендеше, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытқанға не жетсін?!
А.Беробаева,
Маңғыстау облысы, «Жаңаөзен арнайы мектебі» КММ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.