ОРАЛДА ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТКІЗІЛДІ
Ағымдағы жылдың 22 ақпан күні БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Орал қалалық комитеті – Филиалы "Атамекен" балалар – жасөспірімдер туризмі және экология орталығы базасында кәсіподақ көшбасшыларына «Кәсіподақ жұмысын ұйымдастыру және кәсіподақ органдарының қызметі» тақырыбындағы оқыту семинарын өткізді.
Оқыту семинарының мақсаты: кәсіподақ жұмысын жетілдіру және кәсіподақ комитеті мен оның сайланбалы кәсіподақ органдарының қызметімен таныстыру.
Семинарды алғы сөзімен бастаған облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев, кәсіподақ мүшелерінің мәселелерін уақытында шешу және кәсіподақтың ұйымдастыру қызметін жетілдіру арқылы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Ал, кәсіподақ ұйымының заңгері Гүлжанат Құрмангазиева жалпы кәсіподақтың құрылымы мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының Ережесіне сәйкес, кәсіподақ органдарының қызметі мен тұрақты комиссиялар туралы, Ұжымдық шарттың жобасын әзірлеу және оны жасасу тәртібі туралы түсіндіріп, еңбек саласында кездесетін кейбір еңбек қатынастарынан мысалдар келтіре отырып, тақырыпты аша түсті.
Кәсіподақтың Жарғылық талаптарына сәйкес, қаржылық – шаруашылық тәртібінің орындалу барысы мен құжаттардың ресімделуі туралы бас есепші Гүлнұр Хаирлиева түсіндірді. Сонымен қатар, бас маман – ұйымдастырушы Марина Темиргалиева кәсіподақ қызметін тиімді жоспарлау арқылы ұйымдастыру туралы кеңінен ақпарат берді және белсенді кәсіподақ мүшелерін Алғыс хатпен, Құрмет грамотасымен және ерекшелік белгілерімен марапаттауға ұсынудың Салалық кәсіподақтың Атқару комитетімен бекітілген Ережелерімен таныстырды.
Семинарға қатысушылар өзара жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, еңбек қатынастарында туындаған сұрақтарына жауаптарын алды.
Орал қалалық кәсіподақ комитеті – Филиалының ұжымы мен облыстық кәсіподақ аппаратының қызметкерлеріне оқыту – семинарын өткізіп, кәсіподақ активінің қызметкерлердің әлеуметтік – еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақ органдары мен ұйымдарының алдына қойылған міндеттерді шешуде өздеріне қажетті ақпараттар бергені үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.
Орталық Кәсіподақтың кәсіподақ активіне пайдалануға арнайы дайындаған «Кәсіподақ ұйымының жұмысын қалай ұйымдастыру керек?» әдістемелік Ұсынымдары таратылды.
Орал қалалық кәсіподақ төрағасы Төлеген Темешев, Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұжымына үнемі кәсіподақ қозғалысын дамытып жетілдіруде әрқашан қолдау білдіріп, тәжірибе алмасудағы көмектері үшін алғысын жеткізді.
Семинардың екінші бөлімі – шаңғы теуіп, қысқы табиғат аясында таза ауада демалумен жалғасты.
Батыс Қазақстан облыстық ұйымы
-
Фотографии
-