ЖЕТІСУДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі жылдық жұмыс жоспарына сәйкес кезекті Атқару комитетінің отырысын өткізді.
Күн тәртібінде облыстық ұйымның 2022 жылғы статистикалық есебінің қорытындысы, 2022 жылы кәсіподақ мүшелерін сауықтыру демалысын ұйымдастыру, облыстық ұйымның 2022 жылы атқарған қаржылық – шаруашылық жұмысының есебі туралы мәселелер қаралды.
Алқалы жиынды облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов жүргізді. Атқару комитетінің күн тәртібімен таныстырып, бірінші сұрақ бойынша баяндама жасады. Кәсіподақ мүшелерінің санын нығайтуға бағытталған жұмыстың нәтижесімен таныстырды. Облыстық ұйым мүшелік базасын сақтау мақсатында ауқымды шаралар қабылдағанын және биылғы жылы да ауқымды жұмыстр жүргізіліп, мыңнан астам адам кәсіподаққа қабылданып, қатары артқанын жеткізді.
Ал, облыстық ұйымның бас маманы Маржан Жұмабек өткен жылы кәсіподақ мүшелерін сауықтыру демалысына ерекше мән беріп, ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. Кәсіподақ ұйымы «Сарыағаш», «Көктем», «Жаркент - Арасан», «Қаратал», «Жаңақорған», «Текелі» шипажайлары, демалыс орындарымен келісім-шарттар жасап, кәсіподақ мүшелеріне жеңілдікпен жолдамалар бергенін атап өтті. Жалпы саны 634 педагог, 181 оқушы сауықтырылғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, қайырымдылық, спорттық шаралары ұйымдастырылғанын айтты.
Облыстық ұйымның 2022 жылы атқарған қаржылық – шаруашылық жұмысының есебін кәсіподақтың бас есепшісі Айгүл Арымбаева баяндап, қаражат көлемі мен жұмсалу барысын нақтылады. Алқалы жиында облыстық кәсіподақ ұйымының өзекті мәселелері қосымша талқыланды, қажетті қаулылар қабылданды.
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар,
ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің
«Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық
бірлестігінің баспасөз қызметі
-
Фотографии
-