МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Анаға арнап ән салам!» салтанатты қабылдауы өтті.
Шараға сала ардагерлері, мекеме басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, кәсіподақ мүшелері қатысты.
Мерекелік қабылдауды Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ерқат Мұқажанов ашып, ұстаздарға арналған ақ тілегін жеткізді. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген педагогтарға облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын табыс етті.
Білім саласының дамуына атсалысқан зейнеткерлер атынан сөз сөйлеген Әуеден Қазыбаев ұстаздардың қызметі мен еңбегін жоғары бағалады.
Еңбек адамының құқығын қорғауда Алматы және Жетісу облыстық кәсіподақтар орталығы белсенді. Шара барысында кәсіподақтар орталығының өкілі Расим Мұқұшев та өзінің жылы лебізін арнап, құттықтауын жеткізді.
Мерекелік кеште Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы төрағасының орынбасары Болат Тұрысбеков ұстаздарды құттықтап, болашақтың іргесін қалайтын маңызды тұлғаларға білім беріп, мейіріміне бөлеген педагогтардың жұмысын жүйелеген айтып, еңбектерін бағалап, ризашылығын білдірді.
Кәсіподақ белсенділеріне Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыстық ұйымының Құрмет грамотасын табыс етті.
Марапатталушылар атынан Кербұлақ ауданы, Күреңбел қазақ орта мектебінің директоры Айман Қожабергенова сөз сөйлеп, шара ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Салтанатты жиын «Ағайындылар» тобының концерттік бағдарламасына ұласты.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар,
ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің
«Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық
бірлестігінің баспасөз қызметі
-
Фотографии
-