МЕРЕЙГЕРДІҢ МЕРЕЙЛІ СӘТІ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде халық ағарту ісінің үздігі, университеттің орыс филологиясы кафедрасында 23 жылдан астам еңбек еткен ардагер-ұстаз Ермек Алдиярқызы Тасқынбаеваның 90 жасына арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.
Ермек Алдиярқызы Тасқынбаева – қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін тәрбиелеген ұстаздық тәжірибесі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары педагог, ғылыми басылымдарда жарияланған әдістемелік сипаттағы мақалалардың авторы ұлағатты ұстаз. Ол 1955 жылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын Құлсары қаласындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1967 жылы конкурс бойынша Гурьев педагогикалық институтына (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы университет) жұмысқа қабылданып, 1990 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін осы университет қабырғасында ұстаздық етті. Педагогикалық институтта еңбек еткен 23 жылда Ермек Алдиярқызының дәрістеріне мыңдаған студент қатысып, кейін өздері де ұстаз болып, шәкірт тәрбиеледі.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысты. Өңір басшысы өз сөзінде Ермек Алдиярқызы Тасқынбаеваның шәкірт құрметіне бөленген ұлағатты ұстаздық жолын атап өтті.
Мерейтой иесін университет ұжымы атынан ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Еламан Айбульдинов құттықтап, университеттің Х.Досмұхамедов Алтын медалін табыс етті.
Сондай-ақ, мерейгерді Атырау облыстық Білім беру басқармасы әдістемелік орталығының басшысы м.у.а. Өнербек Ерғалиев, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Қылышбай Сүндетұлы және орыс филология кафедрасының ардагері, әріптестері Марта Адрисова, Қадір Жүсіп, Бақтыбек Таубаев, Анастасия Өмірзақова ақжарма тілектерін арнады.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі.
-
Фотографии
-