ҰСТАЗ - ҰЛЫ ҰҒЫМ, ҰЛАҒАТТЫ ЕСІМ
Дүйім дүниенің, жалпақ жалғанның бар асылын, бар ғаламатын сыйласақ та, ана алдындағы қарызымыз өтелмес. Ұстаз алдындағы адамзат баласының қарызы да осымен пара-пар. Осы бір қағиданы берік ұстанған Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жергілікті білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетті.
Аймақтың білім беру саласында жемісті еңбек еткен ардагер ұстаздар қатысқан салтанатты жиында облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек ұлағатты ұстаздарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, білім саласының дамуына қосқан айрықша үлестері үшін алғысын білдірді.
- Бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен әлемді тербеткен сіздердің орындарыңыз әрдайым бөлек. Бүгінде облыстың білім саласының жеткен барлық жетістіктері сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Әрқашан орамалдарыңыз кірлемесін, еңселеріңіз аласармасын. Сіздермен дидарласып, пікірлесудің өзі бір ғанибет. Әрдайым дендеріңіз сау, жақындарыңыз аман болсын, - деді Мейірхан Азатұлы.
Сөз кезегінде облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының «Еңбекші» салалық газетінің Бас редакторы Бейбіт Бекназаров халқымыздың «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген даналығын келтіріп, шәкірттердің сапалы білімі мен саналы тәрбиесі үшін ерінбей еңбектенген ұлағатты ұстаздарды аналар мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Бұдан кейін еліміздің мәртебесін биікке көтеріп, шәкірттерін білімнің биік шыңына қондырған ұстаздарға Жергілікті кәсіподақ атынан гүл шоқтары мен мерекелік сый-құрмет жасалды. «Жамбыл дарыны» орталығының өнерлі шәкірттерінің ұйымдастыруымен өлең оқылып, көңілді әндер шырқалды.
Іс-шарада ардагер-ұстаздар Бәтес Егембердиева мен Гүлсін Орынбаева сөз алып, құрмет көрсеткен білім басқармасы мен Жергілікті кәсіподақ ұйымына ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да әлеуметтік әріптестік аясында ынтымақтастыққа еңбек етуге шақырды.
Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-