ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ұстаздар мен білім беру саласының ардагерлерін мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Мерекелік шараға білім саласының ардагерлері, қала және аудандардағы мектептердің және арнаулы орта білім орындарының басшылары қатысты.
Ералы Тоғжанов өңірдегі білім беру саласындағы өзгерістер, Bilim ALL өңірлік бірегей жобасы туралы айта келе, білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне, болашақ мұғалімдерді даялауға ардагер-ұстаздардың қосқан үлесі, нәзік жандылардың қоғамдағы мәртебесі мен маңызына тереңірек тоқталды.
«Бүгінгі қоғамда нәзік жандылар сан түрлі саланың қыр-сырын меңгерген. Оның ішінде шаңырақ берекесімен қатар, әлеуметтік өмірдегі қызметтің тізгінін тең ұстаған, еңбекқорлығымен, жауаптылығымен және кәсібилігімен ерекшеленген ұстаздардың орны ерекше.
Бұл сөзімнің бір ғана дәлелі, қазіргі таңда облыстағы білім беру ұйымдарында 25 мыңнан астам ұстаздар қызмет етсе, олардың 85 пайызын нәзік жандылар құрайды. Бұл дегеніміз – әйел-ұстаздардың еліміздің ең басты байлығы адами капиталын дамыту жолында, яғни өскелең ұрпаққа білім беру жолындағы белсенділігі, беделі мен мәртебесінің көрінісі.
Қымбатты ұстаздар, осы көктем мерекесінде Сіздерге бақыт, денсаулық және сәттілік тілеймін! Аспанымыз ашық болып, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрсын», - деп облыс әкімі әр ұстазға алғысын білдіріп, мерекелік гүл шоқтары мен сыйлықтар табыстады.
Салтанатты шарада өңірдің 30 ұстазы Алғыс хатпен марапатталды. Білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі, жоғары жетістіктеру мен кәсіби шеберлігі үшін облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова да аймақ басшысының марапатына ие болды.
Ардагер-ұстаздар өздерінің ыстық лебіздері мен ақ баталарын, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
«Біз социалистік заманда өмір сүрдік. Таршылық көрдік. Ал қазіргі заман жақсы. Не ішемін, не жеймін демейсің. Жұмыс бар, тамақ тоқ. Үйде отбасын ұстап отырған әйел қоғамға да, бұл өмірге де пайдасын тигізеді. Жақсы да анадан, жаман да анадан. Сондықтан абырой биігінее түспей, әрдайым еліміздің жарқын болашағының қалыптасуына өз үлестеріңізді қосып жүре бергейсіздер. Мереке құтты болсын!», - деді білім саласының ардагері, ардақты ұстаз Қарагөз Қамақызы.
Сондай-ақ, Шығармашылық академиясында мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қала мен аудандардан келген 400-ден астам ұстазды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, еңбегімен ерекшеленген мұғалімдерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Ақтөбелік жас өнерпаздар жиналғандарға өз өнерлерін көрсетті. Оқушылар концертке келген әр мұғалімге тәттілер сыйлап, мерекелік көңіл-күйлерін көтерді.