ҰСТАЗДАР СЫЙ-ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Шуақты көктемнің бастауы Наурыз – халқымыз үшін мерекелі, берекелі ай. Еліміз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту мерекесін тойласа, 8 наурызда әйел-аналарға сый-құрмет көрсетеміз. Қыстан шығып, көңілі көлдей шалқыған көшпелі жұрттың тұрмысында ерекше орын алатын ұлттық мейрам – Ұлыстың ұлы күні де осы айда аталып өтіледі. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының игі дәстүріне айналған “Кәсіподақ: тұрақты құрмет, тұрақты қолдау” шарасы осы мерекелердің мән-маңызын арттырып, ұстаздардың қуанышын еселей түскендей.
Үш мерекенің тоғысында ұйымдастырылған салтанатты шара аясында білім саласында қажырлы еңбегімен еленген 100-ге жуық ұстазға білім кәсіподағы және облыстық білім басқармасының бірлескен алғыс хаты табысталып, шипажайға жолдама берілді. Педагогтар көктемгі каникул кезінде еліміздің емдеу-сауықтыру орталығында тынығып, денсаулықтарын нығайтып қайтпақ.
Сонымен қатар, кәсіподақ бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп жүрген әлеуметтік әріптестердің кеудесінде төсбелгілер жарқырады. Білім беру ұйымдарының жетекшілері салалық кәсіподақтың «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессорлы-педагогикалық құрамы облыстық кәсіподақ ұйымының Алғыс хатымен марапатталып, сыйақы сертификатына ие болды.
Қатысушыларды салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Ақтөбе облыстық ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
«Cалалық кәсіподақтарға жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Ұжымдардағы еңбек дауларын оңтайлы шешу, мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін асыру- бүгінгі күннің басты талабы. Жалпы педагогика саласында еңбек етіп жатқан әрбір қызметкердің мүддесінің, құқығы мен талаптарының тапталмауын қадағалау, ең ақыры ұстаздардың демалып, денсаулықтарын нығайтуына, ынталанып жұмыс істеуіне жағдай жасау- бізге артылған зор міндет.
Бауыржан Момышұлының «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген қанатты сөзі бар. Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді, Отанға деген сүйіспеншілікті дарытып, өмірдің қыр-сырын танытатын, ардақты ұстаздар, сіздерге алғысын шексіз!»,- деді ол.
Шараға, сонымен қатар, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Джаманбаева, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Жәния Есенжолова қатысып, ұстаздарға жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты жиынның көркін Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің өнерпаздары аша түсті. Халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері- “Шаттық” би ансамблі биден шашу шашып, ұстаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
-
Фотографии
-