ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР – ШИПАЖАЙДА
Наурыздың 20-нан бастап Атырау облыстық және қалалық, аудандық салалық кәсіподақ филиалдарының бастамасымен оқу-ағарту саласында ұзақ жылдан бері үлгілі еңбек етіп жүрген 40 кәсіподақ мүшесіне «Атырау» шипажайына тегін демалуға мүмкіндік жасалды. Олардың қатарында білім ошақтарында айлық еңбекақылары төмен болғанымен, жұмыстарын зор жауапкершілікпен атқаратын тазалықшы, аула сыпырушы, тәрбиешінің көмекшісі, шаруашылық меңгерушісі, автокөлік жүргізуші, жылу және кір жуу операторы, күзетші, аспазшы, электрик, сантехник қызметкерлері бар.
Бұл күні шипажай қызметкерлері демалушыларға атағы КСРО-ға кеңінен танылған «Қарабатан» саз балшығы, 325 метрден шығып жатқан минералды су (ванна), тұзды шахта, парафин, барлығы алты түрлі ем ұсынылды.
Емделуге келген демалушыларды шипажай директоры Венара Баймурзақызы, бас медбике Қарылға Жылқышықызы және «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Қонақтар атынан Қамбар Жалекеев, Жанаргүл Адиева, Жанар Мусағалилар сөз сөйлеп, білім саласы кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне және шипажай әкімшілігіне шын жүректен ризашылығын білдірді.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі