АҚТӨБЕЛІК ҰСТАЗДАР ШИПАЖАЙЛАРДА
Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы әр оқу жылының күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулы уақытында сала үздіктерін марапаттап, оларға шипажайларға тегін жолдама ұсынады. Бұл білім кәсіподағының игі дәстүріне айналған шара. Қоғамдық бірлестік биыл да үрдістен айныған жоқ.
2022-2023 оқу жылының көктемгі каникулында облыс бойынша 400-ге жуық педагог емдеу-сауықтыру шараларымен қамтылды. Ұстаздар кешенді ем-дом қабылдап, табиғаттың саф ауасымен тыныстап, каникулды көңілді әрі тиімді өткізді.
Педагогтердің бір тобы Қостанай облысындағы «Сосновый бор» шипажайында тынықты. Мұнда асқазан-ішек жолдары, өкпе, жүрек-тамыр жүйесінің, тірек-қозғалысы, зат алмасудың бұзылуы, аллергиялық және тері ауруларының алдын алу үшін барлық ем-дом жасалады.
Сарығаштың жанға шипа киелі суы туралы Асан Қайғы бабамыз: «Бал татыған суың-ай, қалың қамыс нуың-ай»,-депті сүйсініп. Кетерінде қазыналы қария «сыйса өңгеріп-ақ әкететін жер екен» деп қасиетті мекенмен қимай қоштасқан деседі.
Ал, Қырғыз Алатауының баурайынан бой тепкен «Мерке» шипажайының басты ерекшелігі— радонды минералды суында.
Мұнда педагогтер радон ваннасын қабылдап, тірек-қимыл ауруларының алдын алуға басымдық беруде.
Ұстаздардың айтуынша, «Мерке» суынан нәр, қуат алу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер көп. Ауасының өзі адамға ем-шипа. Қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде, тағамдары құнарлы, дәрумендерге бай. Демалушылардың жас ерекшелігіне қарай би, ән кештері, спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі.
Өңірдегі "Шипагер", "Юкон" емдеу-сауықтыру орталықтарында да жанға жайлы демалыс үшін барлық жағдай жасалынған. Ұстаздар денсаулықтарын нығайтып, жаңа тоқсанға тың күшпен кіріседі деп сенеміз!
-
Фотографии
-