ЖІГЕРЛІ ЖАС МАМАН
Заман талабына сай педагог шығармашыл, ізденімпаз, ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары болуы тиіс. Яғни, бүгінгі күннің мұғалімі- көшбасшы. Үнемі көштің басында жүру, әрине, қиын. Дегенмен, бұл-жаңа дәуірдің талабы. Ұстаздық бірден қалыптаспайды, мұғалімдіктің шыңына жеткен жанды ғана нағыз ұстаз деп айтуға болады.
Қаншама салада жүрген жастардың алар орындары бар, дегенмен де мұғалімдерге артылар жүктің күші мен жауапкершілігі тым бөлек. Неге? Себебі, XXI ғасыр- білімнің алтын дәуірі. Ал, білім баспалдағы мектептен басталады. Сондықтан, бойдағы ерік-жігер, қабілетті, алған білімді балалар санасына сәуле етіп құю үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Ұстаз талапты болса, шәкірт талантты болады» деген нақыл сөз осыны аңғартады.
Қазақ қай заманда болмасын жастарға зор үміт артып, игі істің бастауы ретінде қараған. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты жастарға сенім артқан Мағжан Жұмабаев та жаңашылдық пен адалдықтың негізі – жастар екендігін айтқан. Үш жүздің басын қосып, күллі қазақ халқын біріктірген Абылай хан: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» – деген сөзінің өзі қазіргі заман жастарын білімге жетелеп тұрғандай. Қысқасы, жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің болашағы. Сондықтан, олардың білімді, білікті, адал әрі жауапты болуы – бүгінгі қазақ елі үшін аса маңызды.
Өңіріміздің білімді, жігерлі жастарының бірі- Ырғыз ауданы №1 қазақ жалпы білім беретін орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Ізмұрат Гүлдана Нұрсұлтанқызы. Ол 1998 жылы Ырғыз ауданында дүниеге келген. 2015 жылы Ырғыз ауданындағы №1 қазақ жалпы білім беретін орта мектебін аяқтап, Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетіне «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығына грант негізінде оқуға түскен. 2019 жылы қыркүйек айында №1 қазақ жалпы білім беретін орта мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмысқа кірді. Осы уақыт аралығында мектебіміздің жас маманы көптеген жетістіктерге жете білді. Атап айтсақ, 2019 жылы шәкірті Сақып Гүлдана республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде жүлделі III орынға ие болды. 2020 жылы аудандық «Жас ұстаз-2020» байқауына қатысып, өзінің білімділігі мен шығармашылығын танытып жүлделі III орынмен марапатталды.
Еліміздің болашағы – жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеу жолында және ауданның білім саласын өркендетуге қосқан еңбегі үшін 2020 жылы Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Алғыс хатымен марапатталды. Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өткен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасындағы олимпиадада өз білімін шыңдай отырып, I дәрежелі дипломға ие болды. 2020 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Тиімді жоспарлау арқылы оқыту мен оқу тәжірибесін жақсарту» тақырыбындағы 4 академиялық сағат оқыту вебинарына қатысып, білімін жетілдірді. 2020 жылы оқушысы Қайыр Еркенұр республикалық орыс тілі пәнінен 5 сыныптар арасында өткен олимпиадада II дәрежелі дипломмен марпатталды. 2021 жылы Ақтөбе облысының білім басқармасы мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтөбе қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен «Жас қанат» макрожобасында бір жыл бойы кәсіби шеберлігін шыңдағаны үшін сертификатқа ие болды. «Шығармашыл педагог»-2021 олимпиадасында I дәрежелі дипломмен марапатталды.
2021 жылы Республикалық әдістемелік ғылыми-педагогикалық “Ұстаз ұлағаты” журналына «Социальные сети» тақырыбында мақала жариялады. Мерзімді баспасөз басылымында «Үздік нәтиже» деп көрсетіліп, I дәрежелі дипломмен марапатталды. Республикалық ғылыми-әдістемелік “Ұстаз-мектеп тірегі”журналына «Местоимение как часть речи» сабағы баспа бетіне жарыққа шықты. «USTAS TILEGI» Республикалық ғылыми-әдістемелік сайтында «По страницам Красной книги» ашық сабағы жарияланды.
Еңбек өтілі небәрі 3 жылдан асса да, жас маман қоғамдық шараларға белсене қатысып, өз үлесін қосып келеді. Жастар жылы аясында құрылған «Болашақ» еріктілер тобының қатарында көптеген игі істердің қасынан көрінді. Мәселен, «Қоғамға қызмет» жобасы аясында, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 қайырымды іс-шарасы» аясында мектебіміздің жанынан құрылған еріктілер тобы қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды.
Еліміздің жарқын болашағы Гүлдана Нұрсұлтанқызы секілді білімі мен білігі толысқан, ұлтының терең тарихы мен бай тілінен сусындаған, ойы озық, өрісі кең, рухы биік, талабы таудай жастардың қолында!
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-