ҚОНАҚ-ДӘРІСТЕ – КӘСІПОДАҚ БАСШЫСЫ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті журналистика кафедрасының студенттері кезекті қонақ-дәрісте тағы да бас қосты..
Облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінің 100 жылдығына арналған «Атырау» газеті – тарихи дерек көзі» атты тақырыпта өткен дәрістің бұл жолғы қонағы – «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы болды.
Әу, бастан ғылымға ден қойған Қылышбай Сүндетұлы өзінің ғылыми еңбектерін еліміздің баспасөзінің тарихына арнады. «Қазақстанның батыс өлкесіндегі баспасөздің тарихы», «Атырау баспасөзінің тарихы. 1917– 1955 ж.ж.», «Қаһарлы жылдар шежіресі» (1941 – 1945 ж.ж.) деген атпен шыққан және басқа да кітаптары өз оқырмандарына жол тартты. Бұл еңбектерінің журналист мамандығына оқып жатқан студенттер үшін де маңызы зор болды.
Дәріс «Атырау» газетінің шығу тарихына арналған Атырау телеарнасымен бірлесе дайындалған «Жылнамашылар» хабарын тамашалаған студенттердің сауалдарымен жалғасты. Ғалым өзінің осы зерттеу жұмыстарын жазу барысындағы қызықты әңгімелерімен бөлісті. Студенттер үшін тағылымды да әсерлі шара болды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ