ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ
Ізгі қасиеттер мен білімді жанына серік еткен жас ұстаздың бірі мектебіміздің информатика пәні мұғалімі, білікті маман Жансая Наурызбайқызы. Ол өз ісінің шебері, өзін ұстаздық жолда жас болса да сан қырынан көрсетіп жүрген әріптестеріміздің бірі.
Қалалық, облыстық, республикалық додаларда топ жарып, алдыңғы орындарды қанжығасына байлап жүр. Жақында ғана өткізілген Республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауының өңірлік кезеңінде 293 мұғалімнің арасыннан І орынды иеленіп, жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды.
Шәкірттерінің жүрегіне жол тауып, білім жолында білікті шәкірт тәрбиелеп жүрген, республика көлемінде өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген, «Мұғалім, ұстаз» деген ұлы есімге лайықты маманымыз деп Жансая Наурызбайқызының есімін үлкен сеніммен айта аламын.
«Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек», - деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болуы керек. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді.
Қазіргі таңда пәнді жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды білу іскерлігі, оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс-амалдарын, құралдарын еркін меңгеретін, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамытудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну өмір талабы. Дәл осы сипаттамалардың барлығы Жансаяның бойынан табылып жүр.
Кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбектің ұштастырылуы шарт.
Жансая ұстаздықпен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысуда. Мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ қозғалысын дамытудағы шараларда белсенді атсалысып келеді.
Уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етіп, жұмысының жемісін көріп отырған білікті ұстаз Жансая Наурызбайқызы үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сондықтан да ол әрдайым білікті маман ретінде ерекшеленеді.
ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан - жақты, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн. Осындай шәкірттерді тәрбиелеуде әріптесіміз Жансая Наурызбайқызы секілді жаңашыл ұстаздарымыз, білікті мамандарымыз көп болсын.
Ж.Байболатова,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, №28 жалпы білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімі