ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМДІ ҰШТАСТЫРҒАН ҰСТАЗ
Білікті ұстаз бұл- тек шәкіртіне білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты қоғаммен етене араластыра тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық. Осы орайда, оқушының және отбасының әлеуметтік құқығын қорғау, жеке тұлғаның әлеуметтік ортада, оқу барысында, бос уақытында жан-жақты жарасымды дамуының мәселелерін пайымдау, оны іске асыру жолдарында әлеуметтік педагогтың атқарар ролі үлкен. Әлеуметтік педагог - әрбір өскелең ұрпаққа ақылшы, ұйымдастырушы, психолог, тәрбиеші, үйлестіруші-әдіскер, олардың әлеуметтік құқықтарын қорғаушы. Ондай мамандық иесі әрқашан да өресі биік болып, сөйлеген сөзінен, ойлар ойынан маржандай тізілген ілтипат пен парасаттың өрнектері, әсемдік әлемі көрінетін, білімі біліктілікке ұласқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары адам болу керек. «Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп табуға үйретеді» дегендей, дәл осы ізгі қасиеттердің барлығы бойынан табылатын, мамандығына деген адалдығын, еңбекқорлығын, жауапкершілігін, іскерлігін тынымсыз еңбегімен дәлелдеп жүрген өз ісінің шебері, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Құрман орта мектебінің әлеуметтік педогогы - Қалдығұлова Эльмира Сағынқызы. Ол осы салада әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болып 20 жылдан бері жұмыс жасап келеді.
Эльмира Сағынқызы 1980 жылы 15 қазанда Ойыл ауданы, Көптоғай ауылында дүниеге келіп, ауылының мектебінде оқып, білім нәрімен сусындады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін тәмамдап, елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеремін, жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында туған жеріне жұмысқа орналасты.
Қызмет бабында облыс, аудан көлемінде семинарларға қатысып, өңір педагогтарына өз тәжірибесін таратты. Алдына қойған мақсатқа жету жолында дұрыс және жедел шешім қабылдайтын, өз ісіне ұқыпты, шығармашыл, алдыңғы қатарлы білікті маман. Әріптестер арасында сый-құрметке ие. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына да белсене араласатын, әлеуметтік мәселелерге немқұрайлы қарай алмайтын шыншыл маман. Педагогикалық еңбегі барысында жеткен жетістіктері мол. Республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі марапаттарға ие болған. «ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГ-2017», «Әлеуметтік педагог портфолиосы-2018» байқауының жеңімпазы, Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы ұйымдастырған «Мәңгілік ел ұстаздары»атты антология жұмысына белсене қатысып дипломмен марапатталса, өз мамандығына сай өткізілген олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының ІІ дәрежелі жеңімпазы, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен әлеуметтік педагогтар арасында өткен пәндік олимпиадада ІІІ орын иеленді. 2017 жылы «Әлеуметтік педагогтың ата-аналармен жүргізетін жұмыстары» электрондық орта мен «Әлеуметтік педагогикалық қызметті ұйымдастыру» тақырыбында әдістемелік құрал құрастырды. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік универсиететі ұйымдастырған «Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік педагогтың миссиясы: мәселелері мен стратегиясы» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда жасаған баяндамасы республикалық жинаққа енді. Бірнеше рет республикалық «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» журналына «Отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігі», «Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс» т.б. тақырыптарда жұмыстары жарияланды. 2021-2022 оқу жылы облыстық ғылыми тәжірибелік орталығының зерделеу қорытындысы бойынша Қалдығұлова Эльмира Сағынқызының іс-тәжірибесі облыс көлемінде таратуға ұсынылды. 2020 жылы Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану пәні бойынша Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, педагог-сарапшы біліктілігін қорғады.
Ұстаз еңбегінің көрінісі – оқушыларының биік белестерден көрінуі. Шәкірттерін үздіксіз үйрету арқылы, шығармашылықпен жұмыстану үрдісін жандандырып келеді. Соның бір дәлелі ұстаздың оқушылармен және мүмкіндігі шектеулі балалармен ынтымақтаса жұмыс жасауы. Осының нәтижесінде оқушылары пәндік олимпиада, әлеуметтік жобалар конкурсы, көрме байқаулары, ғылыми жоба жұмыстары, шығармашылық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары.
Эльмира Сағынқызы өзінің кәсіби біліктілігін көрсетіп, іс-тәжірибесін таратып қана қоймай, бірнеше рет аз қамтылған отбасы балалары мен мүмкіндігі шектеулі оқушылардың мүддесі үшін еңбек етті, олардың демалуына, көмек алуына қайырымдылық шараларын ұйымдастырған білікті маман болуымен қатар, өз отбасының ұйытқысына айналған аяулы ана, адал жар. Оның отбасында тәрбиеленген 4 баланың екеуі жоғарғы оқу орнының айтулы студенттері болса, кішілері мектептің абыройын көтеріп жүрген озат оқушылар. Болашақта шебер маманның жасаған жұмыстарының әлі талай дараланатынына, талай биікті бағындыратынына кәміл сенеміз!
Н.Бердембаева,
Ойыл ауданы,
Құрман орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.
Ақтөбе облысы.
-
Фотографии
-