БІЛІМНІҢ БАСТАУЫ-КІТАПХАНА
Кітапхана - дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі. «Кітап - білім бұлағы» демекші, осынау білімнің тұнық, мөлдір бұлағынан шәкірттерді сусындатып,олардың рухани дүниесін молайтып, тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған кітапхананың мектепте алар орны орасан зор. Жан - жақты, кең саналы жас ұрпақты рухани интелектуалдық жағынан дамытып тәрбиелеу, дүниежүзілік ұлы мәдениеттілікке қол созуға тәрбие беру мақсатым деп санайтын білікті мамандардың бірі- Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, №1 қазақ орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Диханова Нұрагүл Махамбетқызы.
Нұрагүл Махамбетқызы 1964 жылы Ырғыз ауданы, Нұра селосында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «тарих және география» бөліміне оқуға түсіп, 1987 жылы Ырғыз орыс орта мектебінде кітапханашы, кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарды.2006 жылдан бастап №1 қазақ орта мектебінде кітапхана меңгерушісі болып еңбек етуде.
Нұрагүл Махамбетқызы жарқын жүзді, кең пейілді, еңбекқор, ізденімпаз, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман.
Жаңашыл педагогикалық әдістерді үйренумен қатар, озық тәжірибелерді ұтымды қолдана біледі. Оқушылармен жүргізілетін жұмыстары үнемі жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Ол аудандық түрлі жұмыстардың, тәрбиелік шаралардың белді мүшесі. Ұдайы үйреніп, ізденіс үстінде жүретін Нұрагүл Махамбетқызы еңбек еткен жылдар аралығында бірнеше кітапханалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген білікті маман.
2011 жылы « Кітапхана-ғажайып қазына» атты шығармашылық семинарын өткізіп, аудан кітапханашылары алдында өзінің озық тәжірибесімен бөлісіп, әдістемелік құрал таратты. 2018 жылы Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде презентация қорғап, үйренген әдіс-тәсілдерімен «Жаңа бағыттағы кітапхана» атты мектепшілік семинар өткізді. 2019 жылы«Жастар - жаңалық жаршысы» аудандық жас мамандарға арналған семинар кеңесте «Қазіргі заман жастарын тәрбиелеу мақсатында кітапхананың рөлі» тақырыбында жастарға вебинар өткізіді.
Нұрагүл Диханова шәкіртке деген жанашырлықпен, тынымсыз біліктілікпен, үлкен ұйымдастырушылық қабілетпен еңбек етіп ,ата-аналардың, ұжым мүшелерінің үлкен сеніміне ие болып жүр. Ерінбей еңбек етуінің арқасында әрбір оқушыны рухани жағынан дамыту, кітап оқуға деген құлшынысын арттыру, тіл байлығының кеңейуіне үлес қосу және эссе жазуға үйрету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізе біледі.
Нұрагүл Махамбетқызы өзіндік бет-бедері бар, ұжым арасында сыйлы,беделді. Кітапхана бөлмесін бүгінгі күн талабына сай жасақтауда білікті маман еңбегі орасан. Мектеп оқушыларын толық оқулықтармен қамтамасыз етуде өзіндік үлесі зор.
2020 жыл Нұрагүл Махамбетқызы үшін ең табысты жылдардың бірі болды десек қателеспейміз. Себебі 2020 жылы Аудандық «ЖЫЛ КІТАПХАНАШЫСЫ-2020» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Сол жылы Ырғыз аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл таңдауы-2020» шарасында «Ең үздік кітапханашы-2020» номинациясымен марапатталды. Ақтөбе облыстық білім басқармасының және салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2022 жылы «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткен «Үздік мектеп бұрышы- 2022» аудандық байқауында жүлделі 2 орын иеленді. Осы байқаудың облыстық кезеңінде үздік үштікке енді.
36 жыл кітапханашы болып еңбек еткен Нұрагүл Махамбетқызы алдағы уақытта да өскелең ұрпаққа, жас буынға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде елдің ертеңі үшін, игілігі үшін қалтқысыз адал еңбек ете білетін жауапты маман иесі.
«Ізденіс – шығармашылық кепілі» деген қағиданы берік ұстанатын Нұрагүл Махамбетқызының әрдайым жаңашылдыққа жаны құмар. Үлкен ізденіспен, шаршамай, талмай еңбек ететін педагог тәуелсіз қазақ елінің бәсекеге қабілетті, сауатты да салауатты, рухани жан дүниесі бай тұлға қалыптастыруда әлі де толассыз еңбек етеді деген сенімдеміз.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-